Алматыдағы әскери клиникалық госпитальге 80 жыл

18.08.2021 02:01

Орта Азиядағы ең көне нысан саналады

Корреспондент Аянрафи Нарикбаева / Almaty.tv

Алматыдағы әскери клиникалық госпитальге 80 жыл. Әскери медициналық мекеме бүгінде тек елімізде ғана емес, Орта Азиядағы ең көне нысан саналады. Бастапқыда Мәскеуде тұрғызылған госпиталь 1944 жылдың наурыз айынан бастап осы Алматыда жұмысын бастады.  Сұрапыл соғыс пен қан майданда жарақат алғандардың жанына дауа болған медициналық нысан қазір коронавирус жұқтырғандарды емдейтін стационар болып жасақталған. Аурухананың қызыл аймағынан Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғынның репортажы.

Руслан Шәріпбай – Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық Ұлан әскери бөлімінің солдаты. Ковид жұқтырып, ауруханаға 8 күн бұрын түскен. Армия қатарына қосылғанына көп уақыт болмапты. Қазір емнің 80 пайызын қабылдап болған, жағдайы да бұрынғыға қарағанда тәуір. Енді тез сауығып, Отан алдындағы боршын әрі қарай жалғастыруға асық.

«ПТР-тапсырдық, ыстығым түспегеннен кейін, мені осында әкелді. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр, күнделікті тексереді, дәрілерімізді беріп, жақсы бәрі», – деді Ұлттық ұлан әскери бөлімінің жауынгері Руслан Шәріпбай.

Қазір мұнда әскери қызметкерлер мен қатардағы жауынгерлерден бөлек, қала тұрғындары да емделіп жатыр. Әскери-емдеу ғимараты екінші эшалонға жатады. Негізінен жағдайы орташа ауыр және ауыр науқастарға көмек көрсетеді.

«Вакцинаны алмап едім, содан кейін ауырып қалдым ғой. Осыдан шыққан кейін дәрігерлердің нұсқауымен вакцина алуға дайынмын», – деді науқас Гүлсара Жанғожанова.

Госпитальде 250 төсек-орын бар. Оның 150-ін коронавирус жұқтырған науқастарға арнаған. Алматыда эпидахал өршіп тұрған тұста әскерилер осымен екінші жыл ауруханадан орын бөліп, індетпен күресуге үлес қосып жатыр.  

Қазір біз әскери клиникалық госпитальдің жансақтау бөлімінде тұрмыз. Мұнда 8 науқас жатыр. Оның бесеуінің жағдайы ауыр, ал, үшеуі аса ауыр деп бағаланады. 3 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Соңғы жылдары әскери госпиталь заманауи медициналық жабдықпен толыққан. Мәселен, өткен жылы өкпені жасанды желдетудің көпфункционалды аппараттары мен ультрадыбыстық диагностика жүйесі орнатылған. Бұл науқастарға шұғыл әрі сапалы медициалық көмек көрсетуге мүмкіндік береді дейді дәрігерлер. Сонымен қатар, жаңа үлгідегі электрокардиографты аппаратын қолдану нәтижесінде жүрек-қантамыр жүйесін диагностикалау айтарлықтай кеңейе түскен.

«Бүгінгі таңда госпиталь оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында орналасқан әскери қызметшілерге көмек көрсетуде. Әскери клиникалық госпиталь медицина емдеу профилактикалық және әдістемелік орталық болып табылады. Қазір мұнда тәжірбиелі білікті мамандар жұмыс істеп жатыр», – деді әскери клиникалық госпиталь бастығының орынбасары Ермак Жұмажанов.

Бүгінде орталық әскерилер мен олардың туыстары және зейнет жасындағы ардагерлерге медициналық көмек көрсетіп келе жатқанына ғасырға жуықтады. Осы уақыт аралығында жанына дауа іздеген талай науқас мамандардың алғысына бөленіп келеді. Бүгінгі мерейлі мерекені дүркіретіп атап өтуге болар еді. Бірақ оған карантин кедергі. Қазір қызметкерлерге бәрінен бұрын санитарлық талапты қатаң ұстанып, ахуалдың оңалғаны маңызды.  

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы