Атырауда жас мамандарға қандай қолдау көрсетіледі

10.11.2023 02:04

Денсаулық сақтау басқармасы бір реттік сыйақы мөлшерін арттыруды көздейді

Сурет: Аlmaty.tv

Атырауда медицина саласында оң өзгерістер байқалады. Әсіресе кадр тарту мәселесіне басымдық берілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Президент өзінің өңірге сапары аясында осы бағыттарға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді.

Бұл ретте Денсаулық сақтау басқармасы жас мамандарға берілетін бір реттік сыйақы мөлшерін бірнеше есеге көтеруді ұсынды. Бүгінге дейін өзге аймақтардан ауысып келген дәрігерлер 3-5 млн теңгеге дейін алса, енді ол қаржы 10 млн теңгеге дейін артуы мүмкін.

Ақтөре Нұрмағанбет резидентураны мұнайлы өңірдегі облыстық аурухананың қаржысына оқып шыққан. Енді жас маман Атырау облысында 5 жыл жұмыс істеуі керек. Өңірге келгеніне жарты жылдан асқан ангиохирург әлі бір реттік сыйақысын алмапты. Қомақты қаражат қолға тисе, жастардың дамуына үлкен мүмкіндік болады.

– Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына байланысты бізге әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Менің ойымша, бұл – жастарға өте үлкен мүмкіндік. Өйткені қазіргі жастар үшін пәтер мәселесі, жұмыс мәселесі өте өзекті, - дейді жас маман Ақтөре Нұрмағанбет.

Жалпы салаға 160 аса тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог, хирург пен травмотолог мамандары ауадай қажет. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Денсаулық сақтау басқармасы өңірге келетін жас мамандарға берілетін бір реттік сыйақы мөлшерін 10 млн теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр. 

– Мәслихаттың шешіміне сәйкес, бір реттік жәрдемақыны 10 млн теңгеге дейін көтеру ұсынылған. Алдағы уақытта мәселе қаралады. Маман тапшылығын жою үшін осындай шешім қажет, - дейді  облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Ержанұлы.

Сонымен қатар жас маманға баспана мәселесі бойынша да көмек көрсетіледі. Ол үшін «Отбасы банкіне» бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, екіжақты келісімге отыру көзделген. Яғни облысқа келген маманға алғашқы жарнасыз, 5% несиеге пәтер алу ұсынлады.  

Гүлмарал Изатқызы, Фархад Тәжібаев, "Алматы" телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ажар Ғиният балаларды қызылшаға қарсы уақытылы вакциналауға шақырды