Алматылық дәрігерлердің айтуынша, тұмаумен күресудің оңтайлы әдісі – вакцина салдыру
Ел арасында тұмаудың кең таралуына байланысты қазақстандық оқушылар онлайн оқу форматына қайта ауысуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондықтан дәрігерлер жұртты денсаулыққа аса мән беруге шақырады. Одан бөлек, жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмауға қарсы екпе салдыруға кеңес берді.
Ресми дереккөздерге сүйенсек, бүгінде Қазақстан бойынша жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 800 мыңға жуық жағдайы анықталып отыр. Науқастардың дені балалар, сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі оқушыларды қашықтықтан оқытуға ауыстыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алматылық дәрігерлердің айтуынша, тұмаумен күресудің оңтайлы әдісі – вакцина салдыру.
«Денсаулықты күту дәл қазір аса маңызды. Біріншіден, иммунитетті көтеру қажет. Одан кейін суық өткізуге болмайды. Әсіресе алдағы күндерде. Тұрғындар үйіне жақын кез келген емханаға барып, екпе салдыра алады», – деді №36 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Рауан Нүркенов.
Дәрігерлер тұмаудың өршу қаупі әлі де сейілмейтінін жоққа шығармайды. Аурудың таралу деңгейі әсіресе тұрғын саны көп Алматы қаласында жоғары болуы мүмкін. Оған қоса ауа-райы да әсер етеді. Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері Қазақстанның солтүстігінде қалың қар түсіп, ал шығыс пен оңтүстіктегі өңірлерде жауын жауады.
«Республика бойынша тұман, көктайғақ, жел күшейеді. Солтүстік жартысында қарлы боран соғады деп болжам отырмыз. 7-қарашада солтүстік-батыс антициклонның енуімен республиканың батысында жауын-шашын тоқтайды деп күтілуде», – деді «Қазгидромет» РММ инженер-синоптигі Алтынзер Есбосынова.
Медицина мамандары өзін-өзі емдеу шараларын жасамауға кеңес берді. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды. Мұрынға арналған спрейлер мен антисептик қолданған жөн.
Оразай Нұртай, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы