Отандық ғалымдар көз түбі ауруларын дәл анықтаудың амалын тапты

Almaty.tv
Almaty.tv
Бірегей бағдарламалық жоба диабеттік ретинопатия деп аталатын қауіпті дертті қашықтан диагностикалауға арналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық ғалымдар көз түбі ауруларын 90% дәлдікпен анықтаудың амалын тапты. Бірегей бағдарламалық жоба диабеттік ретинопатия деп аталатын қауіпті дертті қашықтан диагностикалауға арналған. Бұл пациенттің уақытын және қаражатын үнемдейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

Бағдарлама қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында, сондай-ақ Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола облыстарындағы 17 мемлекеттік және жекеменшік емханаға енгізілген. Осылайша шалғайдағы ағайын алысқа бармай-ақ тексерілуге мүмкіндік алады

«Біздің жүйе арқылы медбике көз ұяшығын суретке түсіреді де, дәрігер қашықтан қорытынды жасайды. Енді науқастың көз түбін суретке түсіруді шалғай ауылдық елдімекендегі медициналық персонал жүргізе алады, ал аудан немесе облыс орталығындағы офтальмолог дәрігер қашықтан қорытынды жасай алады. Диабеттік ретинопатия – қант диабетінің асқынуы және ол толық соқырлыққа әкелуі мүмкін», - дейді жоба әзірлеуші Еркебұлан Жәнібекұлы.

Халықаралық диабет федерациясының дерегі бойынша, 2021 жылы әлемде қант диабетімен ауыратын 537 млн ересек адам тіркелген. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 400 мың адамға жеткен. Отандық ғалымдар әзірлеген жаңа жүйе халыққа медициналық қызмет көрсетудің тиімділігі мен қолжетімділігін арттырады.

«Тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерді де қамтамасыз етуге болады. Өйткені Ресейде де осындай проблема бар, бірақ оларда мұндай жоба жоқ. Украина, Беларусь, бүкіл Кавказ және Орталық Азия аумағында әлі мұндай әдістеме әзірленбеді. Осыған ұқсас жобалар тек Сингапур, АҚШ-та және Батыс Еуропада бар. Бұл – еліміздің қазіргі ғылым саясатының үлкен жетістігі», - дейді «Ғылым Қоры» АҚ басқарма төрағасы Арын Орсариев.

Новости партнеров