|
21.07.2021 | 21:12
1350

Қазақстан мен Францияның онколог дәрігерлері өзара меморандумға қол қойды

Бүгінде Кюри институты Еуропа елдерінің ішінде қатерлі ісікке шалдыққандарды емдеуде көш бастап тұр

Қазақстан мен Францияның онколог дәрігерлері өзара меморандумға қол қойды almaty.tv

Енді Алматыдағы онколог дәрігерлер Франция мемлекетінің мамандарымен тәжірибе алмаса алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мегаполиске іс-сапармен келген Мария Кюри атындағы институттың делегациясы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының жұмыс барысымен танысып, өзара меморандумға қол қойды. Бұл келісім алдағы уақытта еліміз бен Франциядағы медициналық мекемелер арасында тығыз байланыс орнатпақ. Қатерлі ісікті уақытында анықтап, диагностика жасауда да екі елдің мамандары өзара білімдерін арттыра алады.

«Бұл институттың 100 жылдық тарихы бар. Ал біздің институт 60 жылдан аса осы саламен айналысады. Сондықтан бұл бастама Қазақстандағы онкология саласына инновациялық әдістерді енгізуге мүмкіндік бермек. Қазірдің өзінде француз мамандарымен онлайн конференциялар өтіп жатыр. Алдағы уақытта саркома, бас пен мойынның қатерлі ісігі және поллиативті көмек бойынша жаңа жобалар іске асып, балаларда кездесетін онкологиялық аурулар терең зерттелетін болады», – деді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Біліктілік пен тәжірибе алмасу бойынша меморандумға мегаполистің орталық клиникалық аурухана басшылығы да қол қойды. Отандық мамандардың айтуынша, бұл бастама елде онкологиялық хирургия мен урология саласында да бірқатар мәселелерді шешуге септеспек. Айта кетсек, бүгінде Кюри институты Еуропа елдерінің ішінде қатерлі ісікке шалдыққандарды емдеуде көш бастап тұр. Аталған мекемеде жылына 50 мыңнан аса науқас ем алып, жазылып шығады екен.

«Біздің негізгі мақсатымыз – әлем елдерінде онкологиялық ауруларды емдеудің сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасау. Осы ретте, бұрын соңды Азия халқымен ешқандай байланыс жоқ еді. Бүгінде Қазақстанмен жұмыс істеп, білім алмасуды ұйғардық. Енді қазан айынан бастап, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ол үшін біздің мамандар Алматыға келіп, тағылымдамадан өтеді. Сондай-ақ, Қазақстандық мамандар да Францияға келіп, тәжірибе жинақтайды», – деді  М. Кюри атындағы институттың халықаралық қатынастар департаментінің директоры Пьер Анури.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир