Зұлқарнай Сейітұлы-100: Ардагер ғалым ардақталды

21.12.2022 02:14

Еліміздің медицина саласына, оның ішінде биология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты

Almaty.tv

Бүгін Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Зұлқарнай Сейітұлының 100 жас мерейтойына орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кешке Қорғаныс министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, әкімдік өкілдері мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

«Бүгінгі шара бір ғасырлық Сейітов Зұлқарнай Сейітұлына арналған. Болашақ балалар үшін маңызды іс-шара. Ақсақалдың өмірбаянын жақсы білесіздер, оңай болған жоқ. Ұлы Отан соғысына қатысты», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов.

Ардагер соғыстан кейін ғылымға бет бұрған. Еліміздің медицина саласына, оның ішінде биология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. 100 жасқа келсе де шәкірт дайындаумен және де кітап жазумен айналысады. Бүгінгі кеште еңбек сіңірген қайраткердің жаңа кітабы таныстырылды.

«Медицина университетінің және басқа да оқу орнының студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына арналған «Биохимия» кітабын ағылшын тілінде шығарды. Бұл кітаптың алғашқы түпнұсқасы бар. Себебі 1980 жылдары З.Сейітұлы алғаш орыс тілінде шығарды. Сол еңбегі үшін «Платина тарланы» сыйлығына ие болды. Одан кейін ол кітапты қазақша жазды», – деді М. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының бас директоры Камалидин Шәріпов.