Отаға Ресейден келген білікті дәрігер, профессор Диаб Хасанның өзі қатысты
Технология дамыған заманда естімей қалған құлақты да емдеуге болады. Бүгін Алматыдағы ауруханада өткен бірегей ота – соның дәлелі. Негізі бірінші рет емес, мұндай ота ересектер мен балаларды қоса алғанда, жылына шамамен 2500 рет жасалады. Бірақ бүгін операцияны сырттан келген білікті профессор, отохирург Диаб Хасан жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде 13-ке келген Қалиманың есту қабілеті дүние келгеннен нашар болған. Анасы Динара Раисова «оған баланың мерзімінен бұрын дүниеге келуі немесе нәресте кезінде берген дәрі-дәрмектің әсері себеп болуы мүмкін» дейді. Денсаулықтағы кінәрат Қалима 2 жасқа келгенде ғана мәлім болып, ата-анасы ота жасатуға бел буған.
– Екі жастан асқанда есту аппаратын алдық. Үш жастан асқанда кохлеарный имплантация жасадық. Дәрігерлерге рахмет айтамыз. Сол аппараттың арқасында қызым ел қатарлы қарапайым мектепте оқып жатыр, өмір сүріп жатырмыз, – деді Қалиманың анасы Динара Раисова.
Қаршадай қызға ота №5 қалалық ауруханада жасалған. Негізі мұнда 15 жылдан бері есту қабілеті нашарлаған немесе одан айырылған науқастарды емдеп келеді. Ал бүгінгі операцияға Ресейден келген білікті дәрігер, профессор Диаб Хасанның өзі қатысты.
– Операцияның бұл түрі –кохлеарлы имплантация жоғары технологиялық медициналық көмек және мемлекеттік бағдарлама бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылады. Қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істегеніме 15 жыл. Бұл оталардың барлығын өзім жасаймын. Профессор Диаб Хасанмен бірлескен операциялар сарапшылардың міндетті қатысуын талап ететін ең қиын клиникалық жағдайда жүзеге асырылады, – деді №5 аурухананың балалар лор бөлімінің меңгерушісі Тимур Шамшудинов.
Кохлеарлы имплант – адамдарға есту қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін шағын электронды құрылғы. Ол ішкі және сыртқы бөліктерден тұрады. Хирург саңырау науқастың құлағына ішкі бөлікті имплантациялайды. Процессоры бар сыртқы бөлігі науқастың құлағында немесе басында орналасқан. Ол дыбыстарды, сөйлеуді қабылдап, бас терісі арқылы ішке жібереді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай отаны дерт анықтала салысымен жасаған жөн.
Оразай Нұртайұлы, Аида Иманәлі, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесі өтті