Алматыда ортопед-травматологтар балаларға жаңа технологиямен ота жасайтын болады

Алматыда ортопед-травматологтар балаларға жаңа технологиямен ота жасайтын болады
Литвалық ортопед-травматолог 10 жылдан бері 50-ге жуық қазақстандық балаға ота жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында шетелдік дәрігерлер отандық ақ халаттыларға жаңа әдіспен бірегей ота жасауды үйретті, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Елімізде медицина саласын ілгерлету мақсатында шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасу - таптырмас шешім. Осы орайда «Менторство» бағдарламасы бойынша шетел мамандары отандық дәрігерлерге шеберлік сағаттарын өткізуде. Мәселен, Литвалық ортопед-травматолог 10 жыл бойы Қазақстандық 50-ге жуық балаға ота жасап, жаңа әдістерді үйретіп келеді екен.    

«Ортопедиялық паталогиясы бар балаларға ота жасау барысында Қазақстандық дәрігерлер біздің әдістерімізді үйреніп, болашақта сол методиканы өз беттерінше қолдана алады. Тәжірибе алмасуда біз көбінесе АҚШ және Австрия, Германия елдерімен жұмыс жасаймыз. Қазақстан да жоғарғы көрсеткіштерге ие болады деген сенімдеміз», - деді литвалық балалар травматолог-ортопед дәрігері Вергилиюс УРБАНАВИЧУС.

Ауруханаға Литвалық дәрігерден ота жасаудың жаңа әдістерін игеруге алматылық қана емес, отандық дәрігерлер де келген. Бұл әдіспен бірегей ота елордалық ортапед дәрігер Чикенаевтың қарауында болған 3 балаға жасалды.

«Кішкентай балалардың денесіне зиян келтірмейтін оталар жасалады. Үш бала дайындалып отыр. Туа біткен ақауымен, жамнбас буыны шыққан баланың санына ота жасап, орнына саламыз», - деді № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Ағабек ЧИКЕНАЕВ.

Мұнда өмірге келген сәтінен бастап, екі жамбас буынының дисплазиясы диагнозы қойылған 9 айлық қыз балаға ота жасалуда. Шеберлік сағаты көрсетіліп жатқан бұл бірегей ота шетелдік дәрігерлердің ақыл-кеңесі мен нұсқауы бойынша 2 түрлі жаңа технологиямен жүзеге асырылуда.

Жаңа екі әдіс арнайы лазерлік кескіш құралмен аз ғана тілім жасау арқылы жасалады. Ең маңыздысы тыртық қалмайды. Ал, алғашқы ота жасалған бүлдіршіннің жағдайы жақсы дейді дәрігерлер.

«Қазір ғана ота аяқталды, бәрі жақсы өтті. Жаңа технологиялар пайдаланылып, бала наркозды жақсы көтерді. Жағдайы  бірқалыпты», - деді балалар травматолог-ортопед дәрігері Ерлан САДЫРБАЛИН.

Болашақта отандық дәрігерлер шетелмен тәжірибе алмасуды дамыта бермек. Ал, наурыз айында Семей мен Ақтау дәрігерлеріне жаңа әдіс көрсетілетін болады.    

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров