Сенат депутаттары СК Фармация жұмысын сынады: әкімшілік шығындары өте көп

almaty.tv
almaty.tv
Медициналық препараттарды жеткізу жүйесі мүлдем реттелмеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

СКФармацияның әкімшілік шығындары жылына  2 миллиард теңгені құрайды. Бұндай ақпармен аталған компанияның қоймаларына мониторинг жүргізген Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы бөлісіп, аталған саладағы түйткілдерді тізіп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Айта кетейік, отандық фармацевтикадағы былық-шылыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы  Жолдауында қоғам назарын аударған болатын. Артынша сенат депутаттары аталған кемшіліктерге байланысты Үкімет басшысына депуттатық сауал жолдаған еді.

Сенатор Мұрат Бахтиярұлы СК Фармация  құрылғалы бері 11 жылдың ішінде көптеген кемшіліктерге жол берілгенін айтады. Әсіресе, індет жайлаған шілде, тамыз айларында елімізде өте күрделі жағдайдың қалыптасқаны белгілі. Аталған кәсіпорынға мониторинг жүргізген депутат бірқатар түйткілді тізіп берді. Мәселен, салыққа төлеген ақшаларымыздың біраз бөлігі отандық емес, шетелдің индустриясын дамытып жатыр. Себебі дәрілердің 70 пайызы шет мемлекеттерде өндіріледі.  

«Бұл өте тиімсіз. Отандық өндірісті дамыту керек. Бізде барлық мүмкіндіктер бар. Екіншіден, қоймалар жалға алынады. 10 миллиард теңгенің дәрісі сақталса, 3 пайызын төлейді. СК Фармацияның өзінің қоймалары болуы керек. Жекеменшіктен сатып алуға да болады сол қоймаларды. Сонда тек электр энергияға, 4-5 адам жалдаса, сол 4-5 адамға төлейді. Көрдіңіздер ғой, әкімшілік шығындары 2 миллиард теңге. СК Фармацияның әкімшілік шығындары 2 миллиардқа жуық ақша жылына. Бұл өте көп ақша!» – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы.

Ал, Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова өңірлерге дәрі-дәрмектер толық жеткізілмейтінін айтады. Науқас балғындардың ата-аналары қоймада жоқ медициналық препараттарды өздері сатып алуға мәжбүр. Ал олқылық үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайды, деп сынады сенатор.

«Дәрі-дәрмекті жеткізуде бірқатар олқылық бар. Мәселен, медициналық препараттарды жеткізу жүйесі мүлдем реттелмеген. Ауруханаларға дәрі-дәрмектер жөн-жосықсыз беріледі. Қорда бар-жоғы ескерілмейді. Нәтижесінде бір ауруханада препараттар артығымен болса, басқасында керісінше тапшы», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова.

Депутаттар дәрі-дәрмекті өңірлерге жеткізу мерзімі де тым ұзақ дейді. Кейде оған бес күнге дейін кететін көрінеді. Мониторинг барысында келіссөздер жүргізіліп, әрі кетсе бір күнде жеткізу мәселесі қарастырылды.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров