Алматыда иммун тапшылығы мен туберкулезге қатысты семинар өтті

19.11.2019 02:52

Елімізде 30 мыңға жуық адамға иммун тапшылығы вирусы деген диагноз қойылған

Алматыда Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы иммун тапшылығы вирусы, С гепатиті және туберкулез мәселелеріне арналған алғашқы семинары өтті. Екі күндік семинарда Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия сынды елдерден келген белгілі зерттеушілер өз тәжірибелерімен бөліседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде 30 мыңға жуық адамға иммун тапшылығы вирусы деген диагноз қойылған. Бүгінгі таңда республика бойынша өзінің иммун тапшылығы вирусы статусын білгендер саны - 80 пайыз.

«20 пайызы әлі жүр. Ешқандай ем алу түгілі диагнозы барын анықтайды. Білетіндердің арасында 60 пайызы емге тартылған. Ем алып жатыр. Солардың арасында 70 пайызы емі нәтижелі болып жатыр. Біздің ойымызша, 70 пайыз адамдар арасында ВИЧ инфекция тоқтатылады. Және басқа адамдарға жұғу қаупі төмендейді», - деді «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы» клиникалық мәселе бойынша маманы Гүлжаһан АХМЕТОВА.

«Соңғы 3-5 жылда иммун тапшылығы вирусы инфекциясы, СПИД-ке шалдығу деректері ұлғаюда. Бұл жағдайды азайту үшін, оны тоқтату үшін бізге ғылым қажет. Қазақстандық ғалымдардың зерттеулері және атқарып жатқан жұмыстарымен таныстым. Өздері жүйелі жұмыс істеп жатқанын көрдім. Бұл тұрғыда Қазақстанда есірткі пайдаланатындар арасында методон терапиясын еңгізу ең тиімді әдіс», - деді Шығыс еуропа мен Орталық Азиядағы АИТВ/ЖИТС жөніндегі БҰҰ бас хатшысының арнайы елшісі Мишель КАЗАЧКИН.

Иммун тапшылығы вирусы инфекциясы үш жолмен таралады: қан арқылы, жыныстық жолымен және анадан балаға сүт арқылы. Аурудан сақтандыру жұмысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен жүргізіледі.