Міндеттелген вакцина туралы заңға қатысты ел пікірі тағы да екіге жарылды

rg.ru
rg.ru
Құжатта бірқатар ауруға қарсы екпе жүргізу міндетті деп айтылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Міндеттелген вакцина туралы заңға қатысты ел пікірі тағы да екіге жарылды. Күні кеше Мәжіліс депутаттары «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасын мақұлдап, жоғары палатаға жолдады. Құжатта бірқатар ауруға қарсы екпе жүргізу міндетті деп айтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәл сол норма қоғам арасында қызу талқылануда. Бірі мәжбүрлі вакцинациялауды қолдаса, енді бірі екпе салдарынан балам сал болып қалды, оны жасату әркімнің өз еркі дегенді алға тартады.

Марина Шаймаханова вакцинациялауға түбегейлі қарсы. Айтуынша, былтыр қарашада ол тоғыз айлық қызын қызылшаға қарсы жоспарлы егуге апарған. Сап-сау туылған сәбиде дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болған. Ал бір аптадан соң балғын көз жұмыпты. Марина мұны екпе салынғанымен байланыстырып отыр.

«Мен мәйітханадан гистологияның қорытындыларын алғанда балада өмірлік іс-әрекет етуші барлық ағзалары, жүрегі, бауыры, бүйректері, қаны, яғни бәрі зақымдалған делінді. Қан сесписі болғаны анықталды. Қазір Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде», – деді қала тұрғыны Марина ШАЙМАХАНОВА.

Екпені салу қажет пе, жоқ па, мұны әр ата-ана өзі шешуі тиіс, дейді Оксана Короленко. Оның ойынша да вакцина кейбір балаларға керіс әсер етеді.  

«Менің балам перзентханада салынған БЦЖ екпесінен қатты зардап шекті. Төрт айына дейін сары аурумен ауырды. Көпке дейін салмақ жинай алмадық. Өте әлсіз болды. Әлбетте медицина мұны растамады. Ұлымның психикасы бұзылған. Жалпы екпелер өте қауіпті. Құрамын оқып көрдіңіздер ме, алюминий, сынап сияқты түрлі заттар бар. Неге біз өзіміз шешім қабылдай алмаймыз», – деді қала тұрғыны Оксана КОРОЛЕНКО.

Ал екі баланың анасы Ақтоты Боранқұлова екпелер көптеген аурулардың алдын алуында маңызды деп отыр. Тек вакциянациялаудың барлық қағидаттары орындалса дейді.

«Әр ата-ана өзінің баласына жауапты. Менің балаларымның қауіпсіздігі бірінші орында. Сондықтан мен вакцинаны қолдаймын. Бүкіл анализдерді тапсырып, баланың денсаулығына ешқандай зияны тимейді деген сенімді болған жағдайда, балаларыма вакцинаны салдыруға рұқсат етемін», – деді қала тұрғыны Ақтоты БОРАНҚҰЛОВА.

Мәжіліс тұрғындарды міндетті вакцинациялауды мақұлдап, жоғары палатаға жолдады. Ал балабақшаларға қатысты талапты біраз жеңілдетіп отыр.

«Аталған бап жұмыс тобымен жан-жақты талқыланды. Оған сарапшылар, медициналық қауымдастықтардың өкілдері тартылды. Нәтижесінде екпелер міндетті және ерікті болып бөлінетіні шешілді. Ал балабақшаларға балғындар ұжымдық иммунитеттің деңгейіне байланысты алынбақ», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА.

«Вакцина алған адамға ауру жұқпайтын болса, басқаны вакциналауды мәжбүрлеудің не қажеті бар? Мен осыны түсінбедім. Әлде түсінігім таязбын. Қысқасы, мен мәжбүрлі вакцинацияға қарсымын. Балабақшаға байланысты шатағым жоқ. Кетсе кете берсін. Мен осы мәжбүрлі вакцинацияға қарсы позициямда қаламын. Әрине, бұл басқаларды мәжбүрлейміз деген емес, Нұрлан Зайроллаұлы. Әрі қарай талат етпеймін...», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН.

Вакцинациялауға қатысты денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та ойын білдірді. Фейсбуктегі парақшасында ол заң жобасы қабылданғанда мәжбүрлі болмайтынын жеткізді.

«Қазақстандағы вакцинациялау ешқашан мәжбүрлі болмаған және болмайды! Бүкіл әлемдегідей біздің елде де олар ерікті және міндетті болып бөлінеді. Бірақ әр кезде ата-аналарда екпе жасатуға не болмаса бас тартуға құқығы болады! Вакцинацияланбаған балалардың құқығын шектейтін ешқандай нормалар жоқ. Бір-ақ норма бар, бұл балабақшаға баратын барлық балалардың денсаулығын қорғау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыратын норма», – деп, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ өзінің фейсбук парақшасында жазған болатын.

Әлбетте, екпені жасату-жасатпау әркімнің өз еркі дейді. Дегенмен мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы,  Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров