Балаларда симптомсыз өткен коронавирус инфекциясы Кавасакиге ұқсас синдромға айналуы мүмкін – инфекционист

30.09.2020 02:41

Кавасаки және кавасакиге ұқсас синдромнан қалай сақтану керек?

ашық дереккөзден

Балаларда симптомсыз өткен коронавирус инфекциясы Кавасакиге ұқсас синдромға айналуы әбден мүмкін. Елордадағы Астана медицина университетінің мамандары  осындай мәлімдеме жасады. Дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 балаларға арналған көпбейінді аурухананың инфекционист дәрігері Баян Турдалина "Алматы" арнасының тікелей эфирінде.  

– Баян, кеш жарық! Сіздің ауруханаңызда Кавасакиге ұқсас синдром бойынша жағдай қалай? Осы күнге дейін қанша бала түсті?

– Қайырлы кеш! Сұрағыңызға рахмет! Кавасакиге ұқсас синдром біздің ауруханада тамыз айынан бері 7 пациентте анықталған болатын. Оның төртеуі – мектеп жасындағы балалар. Үшеуі – ерте жастағы балалар. Барлығы да толық өзінің емін қабылдап, жақсарумен шығарылды. Ары қарай амбулаторлық кезеңде бақылауға берілді.

– Аталған дертке шалдыққан балаларда қандай симптомдар байқалады? Ондай жағдайда не істеу қажет?

– Кавасакиге ұқсас синдром, басқаша мультижүйелі синдром деп айтамыз балаларда дамитын. Ол екі және одан да көп жүйенің зақымдалуымен сипатталатын синдром. Ең бірінші орында – ол жоғары сандарға дейін температураның көтерілуі. Яғни 39-40 градусқа дейін орташа алғанда 3-5 күн аралығында өте жоғары көтерілуі болып табылады. Кейінгі орында – ол асқазан-ішек жолдарының зақымдану симптомдары, жүректің айнуы, іштің өтуі, құсу симптомдары болуы мүмкін.  Буындағы ауру сезімі – жүргенде, қозғалған кезде ауру сезімі ауыр жағдайда болуы мүмкін. Алақан мен табандарының ісінуі болуы мүмкін. Әрине, осы белгілердің екіден және үштен асқан симптомдар комплексі анықталатын болса, тез арада өз дәрігеріңізге хабарласып, баланы көрсетуіңіз қажет.

– Кавасаки және кавасакиге ұқсас синдромнан қалай сақтану керек?

– Кавасакиге ұқсас синдром бұл коронавирус инфекциясының балалардағы симптомды немесе жеңіл формада өткен ауру эпизодынан кейін 3-4 аптадан кейін пайда болатын асқынудың бірі болып табылады. Яғни, бұл асқыну баланың ағзасының сол инфекцияға дисрегуляторлы иммундық жоғалу болып табылады. Сондықтан бұл жұқпалы синдром емес. Бірақ біз өзіміздің екінші толқынның алдын алу мақсатында барлық шараларды, жеке қорғану шараларын, әлеуметтік арақашықтық шараларын сақтайтын болсақ, сол арқылы коронавирус инфекциясының ауру көрсеткішін азайтатын болсақ, сәйкесінше біз өз балаларымызда кездесуге мүмкін болатын осы асқынуды азайтуымызға да болады. Сондықтан да барлық осы шараларды сақтап, екінші толқыннан әрқашанда сақтанайық!

– Тұшымды ақпарыңызға рақмет. Бізбен тікелей байланыста «Астана медицина университеті» балалар жұқпалы аурулар кафедрасының доценты Баян Турдалина болатын.