Төрегелді Шарманұлы – 44 ғылым докторы мен 70-ке жуық ғылым кандидатын дайындаған аңыз адам

almaty.tv
almaty.tv
90 жасқа толған дара тұлға жайлы қазақ зиялылары әдемі естелігін бөлісті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ол қазақ балаларына биенің сүтінен ұлттық шоколад жасаған. Ол қымыз бен жылқы етінің пайдасын айтып, бүкіл әлемге дәріптеп келеді. Ол қатардағы дәрігерден денсаулық сақтау министріне дейін өсіп, елде тағамтану ғылымының негізінін қалаған алғашқы қазақ академигі. 90 жасқа толған дара тұлға жайлы қазақ зиялылары әдемі естелігін бөлісті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Қазақ елінің біртуар ғалымы Төрегелді Шарманұлы 1930 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Ұлытау ауданының тумасы бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған. Алғашқы еңбек жолын аурухана дәрігері болып бастаған академик 1971 жылдан бастап, 11 жыл Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарады. Кейін елімізде Тағамтану академиясының негізін құрып, нутрициологияны зерттеумен айналысқан.

«Сенің жасаған еңбегің халыққа әсерін тигізіп, пайдаң тиіп жатса, әрмен қарата сенің жасаған еңбектеріңді сен басқа өмірде жүрсең де, пайдаланып жаста, соған қол жетіп, көңіліне мүмкіншілік туғызатындай әсер етіп жаста, мен бақыттымын деп санаймын. Сондықтан да мен жасымның көп, ұзақ болғанын қазір қаламаймын. Қаншама жақсылық жағын ойласаң, сен бұл дүниеге келгенде, не алам деп келме дейді, не берем деп кел», – деді Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов.

Негізгі ғылыми еңбектерін тамақтану физиологиясына арнаған Төрегелді Шарманов адам ағзасында ақуыз бен дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырымдамалар жасап, мешел ауруының даму механизімін ашқан. Сондай-ақ, сәбилерге арналған «Бөбек», «Аруана» тағам қоспаларын шығарды.  Ал, өзінің 85 жылдық мерей тойында ұлттық сусын бие сүтінен торт, балмұздақ, шоколад пен тәтті тоқаш өнімдерін жасап, қазақ тағамының жаңа брендін қалыптастырды.  

«Бүкіл еңбегі халық үшін. Тек қана өзінің ауылы мен Қазақстан ғана емес, бүкіл дүниежүзінің халқы үшін де еңбек етті деп айтқаным артық айтқаным емес. Оған бір мысал, ол мына 1978 жылы бүкілдүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының алды конференциясын осы Алматыда өткізуіне ең басты себепкер болған Төкең болатын», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Алдашев.

Төрегелді Шармановтың бүгінде 3 немересі мен 1 шөбересі бар. Бүкіл ғұмырын деннің саулығын зерттеуге сарп етіп, бірталай ізбасар тәрбиелеген. Бүгінде мүйізі қарағайдай ғалым, академик болып отырған шәкірттері мен әріптестері профессордың адами құндылықты жоғары бағалайтынын айтады.  

«Тек қана академик емес, үлкен ұйымдастырушы болды. Ғылыми жетекшілік жасады. 44 ғылым докторын және 70-ке жуық ғылым кандидатын дайындап шығарды. Үлкен тәрбиеші ғалым. Сонысына қарамастан, ол жай қарапайым адам. Өзін еш уақытта ешкімнен жоғары ұстамайды», – деді ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов.

Айта кетелік, Төрегелді Шарманов медицина саласындағы орасан зор қызметі үшін 2005 жылы Дүниежүзі денсаулық сақтау ассамблеясының «Леона Бернард» атындағы  сыйлығына ие болды. Ал, бұл марапатқа әлемде тек 42 адам ғана іліккен. Осылай қазақ елінің абыройын асқақтатқан академик биыл 90 жылдық мерейтойында өзі жасаған жаңа өнімдерді экспорттауды көздеп отыр. Басты мақсаты – шет елге ұлттық сусынның құндылығын көрсету.

Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров