Маусым айында жедел жәрдем қызметіне жүгінгендердің саны артқан

25.06.2020 03:09

Соның ішінде айтарлықтай өсім 15-22 маусым аралығында көп тіркелген

Маусым айында елордалықтардан «коронавирус жұқтырып алдым» деген күдікпен жедел медициналық жәрдем стансасына 2 жарым мыңнан астам қоңырау түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жалпы  республика бойынша шұғыл медициналық көмек шақыру 10 пайызға артыпты. Бұл, әсіресе Ақтөбе, Қызылорда облыстары, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тән көрініс. Аталған өңірлерде жедел жәрдем бригадаларының бұрынғы уақытынан 12-13 минутқа кешігіп келуін жауаптылар осылай түсіндіріп отыр.

«Маусым айында жедел көмек шақыртуларының 10%-ға өскені байқалады. Соның ішінде айтарлықтай өсім 15-22 маусым аралығында көп  тіркелген. Жедел көмек бригадалары тәулігіне 22 000 шақыртуға қызмет көрсеткен», – деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов.

Бауыржан Жүсіпов  елімізде жедел жәрдем көліктері тапшылығы қалай шешілетінін де айтып өтті. Анықталғаны, елімізде 2 мыңға жуық санитарлық автокөлік бар. Соның 700-ге жуығы ауылдарда қызмет көрсетеді.

«2019 жылы жедел көмек автокөліктерінің тапшылығын жабу мақсатында өңірлерде 293 бірлік автокөлік сатып алынды, ағымдағы жылы 807 бірлік сатып алу жоспарлануда. Барлық көліктер отандық тауар өндірушілерден лизинг шеңберінде сатып алынатынын атап өту қажет. Қазіргі уақытта жедел көмек көліктерін кезең-кезеңімен дайындау және жеткізу жүргізілуде, жалпы барлық көліктер ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов.