|
26.06.2020 | 22:24
8808

Алматыда «Ең үздік медбике» байқауының жеңімпазы анықталды

Бас жүлдені №2 қалалық балалар ауруханасының медбикесі жеңіп алды

Алматыда «Ең үздік медбике» байқауының жеңімпазы анықталды Аlmaty.tv

Алматыда дәрігерлердің төл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Ең үздік медбике» байқауы аяқталды. Сайыс нәтижиесі бойынша бас жүлдені №2 қалалық балалар ауруханасында 24 жыл қызмет етіп келе жатқан Балхия Нұрәділова жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақ халатты абзал жан еңбек жолын Алматыдағы орта оқу орнын тәмамдаған соң, бірден қалалық балалар ауруханасында бастаған. Алғашында егу бөлмесінде еңбектенген медицина қызметкері қазіргі таңда аға мейірбике қызметін атқаруда.

«Балалармен жұмыс істеудің өз қиындығы бар. Бірақ мен үшін оның ешқандай қиындығы жоқ. Барлығы жақсы көңіл-күймен үйлеріне қайтып жатады. Неврологиялық аурумен балалар келген кезде оларға біз массаж жасаймыз, парафиндер қоямыз және де өкпесі ауырып келген балаларға дренаждық массаж жасаймыз, қыздыру тоғын қоямыз», – деді № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы оңалту бөлімшесінің аға медбикесі Балхия Нұрәділова.

Түрлі науқасқа шалдыққан сәбилер мен жеткіншектерді аяғына тік тұрғызған Балхия Балтабайқызы қаланың және клиниканың қоғамдық өміріне белсене атсалысады. Жалпы қала бойынша байқауға қатысқандардың арасында жеңімпаз атануына да жоғары кәсібилігі мен науқастарға деген жылы қарым-қатынасы себеп болыпты. Өз қызметінде маман ең бастысы дәрігердің мейірімді болуы қажет деп санайды.

«Пандемия кезінде бүкіл сақтандыру шараларын үстанғаны дұрыс деп ойлаймын. Бетперделерін киіп, халат, қалпақтарын, қолғаптарын киіп жүруді сұраймын. Ауырмайық, ағайын!» – деді № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы оңалту бөлімшесінің аға медбикесі Балхия Нұрәділова.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир