Қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген 20 медицина қызметкеріне ерекше құрмет көрсетілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Шаһар басшысы бұл марапат жанқиярлық еңбек пен кәсіпке деген адалдықтың өтеуі ғана емес, халықтың алғысы екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген 20 медицина қызметкеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Қала бойынша 20 медицина қызметкері еңбек жолында жасаған ерен еңбегі үшін марапатқа ие болды. Кеуделеріне орден мен медальдарды мақтанышпен таққан олар қала әкімінің ерекше алғысына бөленді. Медицина қызметкерлеріне «Барыс», «Парасат» ордендері мен «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдары, сондай-ақ алғыс хаттар табысталды.
Тамара Утағанова – қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының сарапшы-дәрігері. Қазіргідей сын сағатта тәулік бойы дамылсыз жұмысын мамандық алдындағы парызым деп біледі.
«Ел Президентіне және қала әкімдігіне зор алғысымды білдіремін. Жасаған еңбегіміздің бағалануы бұл жұмысымыздың нәтижелі екенін көрсетеді. Біз соған қуаныштымыз. Қауіпті вируспен күресте тек біз ғана емес, әкімдіктен бастап барлық сала мамандары аянбай еңбек етіп келеді», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының сарапшы-дәрігері Тамара Утағанова.
Ал, Президент жарлығына сәйкес, «Құрмет» ордені қаладағы фтизиопульмонология орталығы мен балалар жұқпалы аурулар аурухана қызметкерлеріне бұйырды. Шаһар басшысы сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген алтын қолды дәрігерлердің өлшеусіз еңбегінің маңыздылғын айтты. Олардың арасында 22 жыл медицина саласында табан ауыстырмай қызмет етіп келе жатқан Ержан Сералин де бар.
«Бүгін міне қала әкімінің қолынан «Құрмет» орденін алдым. Өте қуаныштымын. Жасыратыны жоқ, соңғы 3-4 айда жұмысымыз ауырлап, әрқайысымызға үлкен жауапкершілік жүктелді. Барлық әріптестерімді қауіпті ауруды жеңу жолында аянбай қызмет етуге шақырамын», – деді Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин.
Ал, еңбек жолын әскери госпитальде медбике болып бастаған Сәулеш Нұрыллақызы қазір қаладағы фтизиопульмонология орталығының бөлім басшысы. Медицина саласында 28 жыл еңбек етіп келе жатқан ол қала әкімінің қолынан «Шапағат» медалін алды.
«Мен бұл марапатты фтизиопульмонология орталығында жұмыс істейтін барша қызметкердің еңбегінің жемісі деп қабылдаймын. Қазіргідей қиын сәтте осындай қолдауларыңыз үшін зор алғыс айтамын. Мен және менің әріптестерім COVID-19-бен күресуді ары қарай белсенді түрде жалғастырамыз», – деді «Фтизиопульмонология орталығы» МКК бөлім басшысы Сәулеш Әуезова.
Анестезиолог-дәрігер Гүлнар Бердалина ауруынан айығып шыққан науқастардың алғысы мен құрметі менің ең басты жетістігім дейді. Ал, мемлекеттің бүгінгі көрсетіп жатқан ерекше марапатының сол жетістікке жеткізуге ынтанландыратынын айтады. Медицина ғылымдарының кандидаты қызмет саласындағы тәжірбиесін жас мамандарға бөлісуден жалыққан емес.
«Мен күн сайын жұмысын кәсіби деңгейде атқарып келе жатқан әріптестеріме, дәрігерлерге, медбикелерге рахметімді айтқым келеді. Дәл қазір барлығымыздың мақстамыз бір ғана. Қауіпті індетті бірігіп қана еңсере аламыз», – деді «Орталық қалалық клиникалық аурухана» МКК меңгерушісі Гүлнар Бердалина.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Марапатталған әрбір дәрігердің артында үлкен ұжымның қажырлы еңбегі тұрғанын ерекше атап өтті. Қызмет жолында отбасынан жырақта жүрген дәрігерлердің еңбегі шынымен де ерлікке пара-пар дүние. Ал, олар өз кезегінде қашан да «індет-босаңсығанды құрығына түсіреді» деп айтудан жалықпайды. Бүгінгі таңда сақтық шараларын сақтау аса маңызды.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы