"Бәрі басқаша болар еді": жасанды жүрекпен жүрген алматылық өкінішін айтты

02.07.2019 03:33

Жасанды жүрекпен жүретін адамдар өзімен бірге арнайы сөмке ұстауы керек. Оның ішінде бірнеше батарея бар. Ал сымдар жүректе тұрған аппаратқа жалғанады

Олег Кипиченков жүрек ауруына қалай шалдыққанын өзі де білмей қалған. Алты жыл бұрын тұмауы асқынып, жүрекке әсер еткен. Содан микроинфаркт болыпты. Олег оны сезбеген. Енді, жасанды жүрек құрылғысымен жүруге мәжбүр, деп жазды Sputnik Қазақстан.

"Шыны керек, осы ауруға тап боламын деп ойлаған жоқпын. Жүрегім бұған дейін бірде-бір рет ауырған емес. Бірақ осылай болды, енді. Осыдан алты жыл бұрын жұмыстан келе жатқанда демікпенің пайда болғаны әлі есімде. Әлі есімде, сөйтсем, тұмау асқынып, жүрек дертіне ұласып кеткен", - дейді Кипиченков.

Сол жылы қыста Олег тұмаумен ауырған. Бірақ емханаға көрінген жоқ. Үйде дәрі-дәрмек ішумен ғана шектелді. Ал үш айдан кейін демікпе пайда болды. Тек осыдан кейін емханаға бару керек деп шешкен. Дәрігерлер оны қарап шыққаннан кейін бірден кардиология бөліміне жеткізді.

"Менің "эпопеям" осы кезден басталды. Кардиологияда "жүрегіңіз үлкейіп кетті" деді. Сөйтсе, бұған дейін бірнеше рет инфаркт болған екен. Бірақ мен өзім оған мән бермеппін. Ондайды "микроинфаркт" деп атайды. Мені бірден ауруханаға жатқызды. Ол кезде "стентирование" мен "шунтирование" жасайтын. Маған біріншісін жасап, үйге жіберді. Бірақ бір аптадан кейін қайтадан демікпе басталды", - деді Кипиченков.

Алматыдағы кардиология институты да Олегтің диагнозын растады. Ал толыққанды зерттеуден кейін "жүректің қан тамырлары зақымдағаны сонша, жүрек тұсына шағын дефибриллятор орнатудан басқа амал жоқ екені анықталыпты. Кеуденің сыртында тұратын құрылғы жүректің жұмысын қадағалайды.

"Бір жарым жылдың ішінде ол дефибриллятор 11 рет сигнал беріп, тоқтап қалған жүректі қайта іске қосты. Бес рет өте ауыр жағдай болды. Жүрек тоқтап қалғанда дефибриллятор тоқ жібереді де, оны қайтадан іске қосады. Ондайда үйдегілердің бәрі дүрлігіп кететін. Әйелім, бала-шағам жылап, жедел жәрдем шақыратын еді. Бірақ дәрігерлер келгенше мен түк болмағандай айығып кететінмін", - деп еске алады Кипиченков.

Ал 2015 жылы Олегті астанадағы ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына ауыстырды. Сол жерде оған жүректің жасанды оң жақ қарыншасын қойып беруге ұсыныс жасалды. Ондайда жүректің оң жақ қарыншасының орнына арнайы аппаратты орнатылады. Бұл құрылғыда қан айдайтын сорғы-түтік бар. Ол қан айналымын күшейтуге көмектеседі. Аппараттың сымдары қарын арқылы шығарылып, арнайы сөмкеде жүретін батареяға қосылады.

"Дәрігерлер қалай да жүрек трансплантациясын жасау керек деді. Ал донор табылғанша осы аппараттың көмегімен қазіргі жүректің жұмысын ұзартуға болады екен. Енді, менде басқа амал болған жоқ. Біз ота жасатуға келістік", - деді Олег.

Оның айтуынша, жүректің жасанды қарыншасын салғанға дейін демікпе жиі болып тұрған. Далада аз уақыт жүргеннен кейін бірден ұстап қалатын. Тіпті, телефонмен ұзақ уақыт сөйлесуге хал болмады. Ал отадан кейін жағдай жақсарды. Содан бері кардиостимулятор бірде-бір рет сигнал берген жоқ. Демікпе де басылды.

Олег шағын сөмкесін иығына салып алып, үнемі өзімен бірге ұстап жүреді. Оның ішінде аккумулятор батареялары және арнайы контроллер бар. Бас кезінде аппаратқа үйрену қиын. Себебі оны ұстап жүрудің шарты бар.

"Мысалы, ұйықтағанда тек шалқадан жату керек. Оң жақ, я болмаса, сол жаққа бұрылып ұйықтауға болмайды. Соған үйрену қиын болды. Сосын моншаға түсуге болмайды. Өйткені сымдар шығатын жерге инфекция кіріп кетуі мүмкін. Душ болуы керек. Ауыр затты көтеруге рұқсат етілмейді. Дәріні уақытында ішуі керек. Негізі, бұл аппарат тек донорды күтуге ғана арналған ғой", - дейді Олег.

Батареяның қуаты азайғанда аппарат шиқылдай бастайды. Оны бірден тоққа қосу керек, я болмаса, қосымша батареяны қолдану қажет.

"Мысалы, менің бір батареям 21 сағатқа жетеді. Бірақ мен аппараттың шиқылдағанын күтпеймін. Қуаттың 20 проценті қалғанда екіншісін қосамын. Ал біріншісін зарядтаймын. Аппаратта "түнгі режим" де бар. Ондайда мен батареяның бәрін алып тастаймын да, бес метрлік кабельге қосылып, ұйықтай беремін. Ал таңертең қайтадан батареяны қоямын. Енді, алыс жолға шыққанда үш батарея аламын екі жарым тәулікке жетеді. Әрине, зарядтайтын құрылғыны ешқашан ұмытпау қажет", - деді Кипиченков.

Ал аппараттың қарыннан шығып тұрған жерін үнемі таңып отыру қажет. Оны Олегтің жұбайы күнара жасап отырады.

Бүгінде Олег Кипиченков жүрек трансплантациясының кезегінде тұр. Бірақ ондай операциялар кезекпен жасалмайды. Донор мен пациент бір-біріне сәйкес келуі керек. Екі адамның бойы, салмағы және басқа да медициналық көрсеткіштер сай болса ғана жүрек трансплантациясы жасалады. Осылайша, жасанды жүрек аппаратымен жүрген науқас өз сәтін күтіп жүреді.

"Бір жолы жас жігіт жол-көлік апатында қайтыс болды. Сонда оның туыстары өкпе, бауыр мен жүрегін алуға рұқсат берген. Осылайша, бір адам үш адамның өмірін сақтап қалды. Шынымды айтсам, бұрын мен ондайды түсінбейтінмін. Қазір көзқарасым түбегейлі өзгерді...Мен де донор табылса екен деп армандаймын. Кей кезде отырып, анда-мында барамын деп, қиялға беріліп кетемін. Бірақ амал қанша, күту керек, күту керек... Енді, көбісі күткеніне жете алмай жатады. Бізді қойшы, үстіңгі қабатта жатқан балаларды айтсаңызшы", - дейді Олег.

Олегті бір рет шұғыл елордаға шақырған екен. Донор шығып қалыпты. Бірақ екеуі сәйкес келмей қалды. Осыны естігенде көңілі су сепкендей басылды. Енді, қайтадан күту керек. Себебі жасанды жүректің құрылғысы тек өмірді ұзартуға ғана арналған.

"Соңғы кездері жағдайым нашарлай бастады. Қан айналымы баяулады. Басым айналып тұрады. Сол себепті дәрігерлерге жиі көрініп жүрмін", - деді Кипиченков.

Олег дәрігерге уақытында көрінуге кеңес беріп отыр. Жылына бір рет болса да, дәрігерге барған жөн.

"Біз жас кезімізде денсаулыққа дұрыс қарамаймыз. Дәрігерге көрінбейміз де. Бір жылда бір рет болса да, денсаулықты тексеріп отырған дұрыс екен. Мысалы, көлікке дұрыс қарасаң, ұзақ уақыт мінуге болады. Денсаулық та солай. Дәрігерлер жүрегімді уақытында тексерткенде бәрі басқаша болар еді деп айтады", - дейді Олег.