Алғаш рет құжатта скринингтік зерттеуге қатысты мәселелер қамтылды
Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауда ұжымдық иммунитеттің есепке алынуы денсаулық кодексінде көрініс тапты. Осылайша, жаңа құжатта егілуге мүмкіндігі жоқ жандарды қорғау қарастырылған. Сонымен қатар, елімізде инфекциялық емес негізгі ауру түрлерінен келетін өлім-жітім деңгейі 60 пайызға жетіп отырғандықтан, алғаш рет құжатта скринингтік зерттеуге қатысты мәселе қаралды. Соған сәйкес «Еңбек кодексіне» де өзгертулер енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұдан былай балаларды мектепке дейінгі мекемелерге қабылдар алдында ұжымдық иммунитет ескеріледі. Демек, вакцинаның пайдасы тек жеке адамға емес, популяциялық деңгейде жүреді. Осылайша, екпені егілуге мүмкіндігі жоқ адамдарды қорғауға тигізетін әсері де жаңа заңда қарастырылған дейді сала мамандары. Яғни, әрбір инфекцияда ұжымдық иммунитет қаралып, оның шекті деңгейі нормативтік актілер бойынша бекітіледі.
«Міндетті түрде алынатын вакциналар кестеге сәйкес жүргізілсе, эпидемиологиялық көрсеткіштерге сәйкес жүргізілетін вакцина түрлері де бар. Әрбір азамат екпе жасатар алдында екпені жасатуға келісімін жазбаша түрде береді, ал бас тарқан кезде жазбаша түрде бас тартады. Медицина қызметкері азаматқа түсіндіруі міндетті. Екпені алмаған жағдайда қандай салдары болуы мүмкін, екпеден кейінгі болатын ықтимал әсерлер туралы толық ақпарат береді», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы департаментінің бас маманы Гүлмира Өтепова.
Халық денсаулығы туралы Кодекске енгізілген тағы бір жаңашылдық – алғаш рет құжатта скринингтік зерттеуге қатысты мәселелер қамтылды. Бұл аурудың алдын алуға, індет анықталған жағдайда оны бастапқы кезеңде жоюға, ем-дом жүргізуге мүмкіндік береді дейді мамандар. Бұл ретте жұмыс беруші қызметкердің осындай скринингтік зерттеуден өтуіне мүмкіндік жасауы керек екен. Осыған орай «Еңбек кодексіне» де өзгертулер енгзіледі.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске скринингтік зерттеуге қатысты жаңа нормалар енгізілді. Демек, құжатта көрсетілгендей, жұмыс беруші қызметкерді 1 жыл ішінде 3 күнге дейін босату туралы әлеуметтік демалыс беруге міндеттеледі. Бұл норманың жаңа заңға енгізілуі инфекциялық емес негізгі ауру түрлерінің белең алуына қатысты болып отыр», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің басқарма жетекшісі Жанар Сәдуова.
Елімізде инфекциялық емес негізгі ауру түрлерінің үлесі 57 пайыз. Ал бұл аурулардан келетін өлім-жітім деңгейі – 60 пайыз. Соңғы 5 жылда елімізде қант диабетімен ауыратындардың саны 31 пайызға ұлғайса, қан айналымы жүйесі ауруларына шалдыққандар - 16-ға өскен.
Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы