Сапасыз вакциналарды өндірушілер мен тасымалдаушыларға қолданылатын жаза күшейтілуі керек
Сапасыз вакциналарды өндірушілер мен тасымалдаушыларға қолданылатын жаза күшейтілуі керек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазіргі заңнамаға сәйкес екпелердің сапасы, дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы өнімдерге қатысты тексерулер кәсіпкерлік туралы кодекс талаптарына сәйкес жүргізіледі. Ал бұл өз кезегінде тосын тексерулерге тосқауыл болып, адамдарға арзан вакциналарды егуге мәжбүрлейді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында көптің талқысына түскен Денсаулық сақтау туралы Заң жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу сұрақтары таныстырылды. Мәжіліс төрағасы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өкілеттігін кеңейту қажеттігі туралы бірнеше мәрте көтерілгенін айтты. Себебі бұл мекемеге қатаң талаптар қойылады.
«Оларды барлық жағынан шектеп тастаған. Вакцинация мәселесі – қоғамда белсенді талқыланып жатқан ең өткір мәселелердің бірі. Міндетті екпелерге қарсы адамдардың негізгі аргументі – вакциналардың сапасына деген сенімсіздік. Сондықтан ең алдымен, вакциналардың сапасын бақылауды күшейту қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Бұл норма қабылданғаннан кейін балабақшаларда тәрбиеленушілер міндетті түрде екпе алу керек деген талап қойылады. Яғни қазір мектеп басшылығына тікелей байланысты болса, енді министрлік деңгейінде бақыланады.
«Балабақшаларға балаларды қабылдау ретінде біздің ұсынысымыз – ұжымдық имунитет деңгейден төмен түспеуі керек. Мысалы, осы заң шыққаннан кейін Білім және ғылым министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп арнайы тәртіп бойынша осы деңгейді бекітеді. Мысалы 95 пайыз болса, ол не деген, әр балабақша көлемінде екпе алмаған балалардың көлемі 5 пайыздан аспауы қажет», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.