Былтыр күзде №2 қалалық ауруханада балалар нейрохирургия бөлімшесі ашылды
Алматыда қалалық ауруханалардың нейрохирург дәрігерлері жиналып, жыл бойына атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Жиын барысында нейрохирургия саласының көптеген мәселелері талқыланып, ота жасауға жаңа медициналық жабдықтардың қажеттігі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мегаполисте балалар нейрохирургиялық бөлімшесінің жетіспеушілігіне байланысты 2019 жылдың қазан айынан бастап №2 қалалық ауруханада балалар нейрохирургия бөлімшесі ашылған болатын. Қазіргі таңда бұл ауруханада бір жылдың көлемінде 100 балаға ота жасалса, ағымдағы жылы қайтадан ашылған қалалық нейрохирургиялық орталығында барлық саны 3000-ға жуық ота жасалыпты.
«Біз өз тәжірибемізде кездесетін қиын жағдайларды талқылаймыз. Әр түрлі сарапшылар өз кеңестерімен бөлісіп, ортақ пікірге келеміз. Күрделі нейрохирургиялық ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін ұсынамыз. Былтыр біздің аурухананың базасында балаларға арналған нейрохирургия бөлімі ашылған болатын. Осы жылы қымбат медициналық жабдықтардың үлкен арсеналын сатып алуды жоспарлаудамыз. Бұл балаларға отаны инновациялы түрде жасауға мүмкіндік береді. Ал, қалалық нейрохирургия орталығында жаңа инновациялар қолданыста бар, онда ең заманауи, ең күрделі нейрохирургиялық оталар жасалуда», - деді №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат РАБАНДИЯРОВ.