Мемлекет басшысының тапсырмасы
Індет өршіген тұста өзге аурумен ауыратын науқастар назарсыз қалмауы тиіс. Мемлекет басшысы да коронавирустан басқа ауруларға жоспарлы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін тапсырып еді. Әсіресе, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық ауруларға жіті көңіл бөлінуі тиіс. Біз дәрігерлердің жұмысын көрсету арқылы осы мәселені де қозғадық. Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке Алматыдағы № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына барып, ондағы кішкентай науқастардың жағдайымен танысып келді.
Бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індеті біздің елді де тысқары қалдырған жоқ. Қауіпті дертпен күрес қазір тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Дей тұрғанмен, басқа да ауру түрлерімен ауруханаға түсіп жатқандар аз емес. №2 балалар ауруханасының қабылдау бөліміне соматикалық, гематологиялық, кардиологиялық, индокринді аурулармен күніне 100 шақты кішкентай науқас келеді екен. Олардың 70 пайызы ауруханаға жатқызылады.
«Жүрек қан тамырлары аурулары, туа пайда болған ақаулардың ішінде, әсіресе, бірінші орын алатын – неврологиялық аурулар. Яғни, эпилепсия, судорожный синдром – олардың бәрі бізге шұғыл түрде хабарласады. Гематологиялық, кардиологиялық, индокринді, қантты диабетпен тұратын науқастар өте көп. Олардың бәрі уақытылы дәрі-дәрмек алып отыруға міндетті», – деді №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Назгүл Асанова.
Ал гематология бөліміне жатқызылатын кішкентай бүлдіршіндерге геморрагиялық васкулит, иммундық тромбоцитопения, гемалитикалық қан аздық сияқты диагноз қойылады. Олар емге мұқтаж болып түседі. Бөлімде қазір 18 бала ем қабылдауда.
«Онкологиялық, гематологиялық аурулары бар науқастар келіп жатады. Оларды емдеу, диагноз қою дер кезінде жасалуы керек. 25 төсек орны бар. Күніне 1-2 бала түседі. Мұндағы науқастарға алғашқы сатыдағы лейкоз, геморрагиялық васкулит деген диагноз қойылады», – деді №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы гематология бөлімшесінің меңгерушісі Ұлжалғас Өскенбаева
Бүгінгі таңда вирусты инфекциядан кейінгі екінші орынға бүйрек аурулары шықты дейді дәрігерлер. Жалпы бүйрек патологиясының 20 пайызын гломерулярлық аурулар құрайды. Олардың арты бүйректің созылмалы ауруларына алып келеді. Соматикалық аурумен ауыратындарға әрдайым ерекше көңіл бөлу керек екен.
«Қазіргі таңда эпидемиялық жағдайды ескере отырып айтатыным – соматикалық аурулар аздап шеттетіліп қалды. Бұл аурумен ауыратын балалар шұғыл емді қажет етеді, олардың арасында жоспарлы түрде емделетіндер бар. Бүйрек ауруларына келетін болсақ, несеп шығару жолдарының инфекциясын емдеуге жіті назар аударған жөн. Ол түбегейлі емделуді қажет етеді. Бұл науқастарды қазіргі ауыр індеттен сақтау керек», – деді педиатр-нефролог Сәуле Алпысбаева.
Сондай-ақ, ауруханада медициналық университеттің профессор-доценттері жұмыс істейді. Олар дәрігерлерге консультативті кеңес беріп, науқастардың аман-есен үйіне оралуына барын салып жатыр.
Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы