Кәсіби мереке қарсаңында Түрксіб ауданының дәрігерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды

21.06.2020 04:19

Мерекелік шарада алдыңғы қатардағы ақ желеңді абзал жандарға аудан әкімі алғыс хат табыстап, гүл шоғын сыйлады

Алматының Түрксіб ауданындағы  №9 қалалық емханасында Медицина қызметкерлерінің күніне орай мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерекелік шарада алдыңғы қатардағы ақ желеңді абзал жандарға аудан әкімі Алғыс хат табыстап, гүл шоғын сыйлады. Мекеменің бөлім меңгерушісі Мадина Омарқызы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін төсбелгімен марапатталды. Білікті дәрігер саналы өмірінің 36 жылын медицина саласына арнаған.

«Өте қуаныштымын! Төл мерекеміздің қарсаңында осындай марапат алғаныма қуаныштымын. Ұжымға рахметімді айтамын», – деді №9 қалалық емханасының бөлім меңгерушісі Шырмыханова Мадина.

Көпсалалы емдеу-профилактикалық медициналық ұйымында жалпы 287 қызметкер жұмыс жасайды. 1984 жылы ашылған мекеме әу баста тек ересек науқастарға арналған үздік емхана ретінде танылды. Ал бес жыл бұрын балалар мен ересектерді қабылдаудың аралас түріне көшкен.

«Бұл күні Алматы қаласы мен еліміздің барлық медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Әріптестерімнің дені сау, бақытты, әл-ауқатты және де жұмыста табысты болуын тілеймін. Сондай-ақ, халқымыз аман-сау болсын», – деді №9 қалалық емханасының бас дәрігері Әсем Мұсабаева.  

Салтанатты шара соңында медицина саласының майталмандары өздерінің қиын да жауапты еңбектерін бағалаған билік өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Сымбат Ноғай, «Алматы» арнасы