Қалалық денсаулық басқармасы тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинаны алуға бейжай қарамауға шақырды

22.09.2020 04:20

Биылғы науқан жылдағыдан 2 аптаға ерте басталды

Қалада тұмауға қарсы екпе салу жұмыстары жалғасып жатыр. Еске салайық, биылғы науқан жылдағыдан 2 аптаға ерте басталды. Бұл коронавирус инфекциясының таралуына байланысты деп түсіндірді сала мамандары. Өз кезегінде қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы тұмауға қарсы вакцинаны алуға бейжай қарамауға шақырды. Биылғы екпе жұмыстары қай уақытқа дейін жалғасады? Емханаларда екпе алу алгоритмі қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.  

Айгерім Жүсіпалиева 3 баланың анасы. 10 жылдан бері №8 қалалық емханада тіркеуде. Тұмауға қарсы екпені балаларына жыл сайын салдырады. Екпе салдыру барысында өзі де балалары да ешқандай кері әсерін байқамағанын айтады. Биылғы екпе салу науқанының ерте басталғаны құптарлық, себебі мұндай шешім қазіргідей сын сағатта өзі үшін ғана емес, отбасы үшін де қауіпсіз дейді қала тұрғыны.

«Жылда алуға тырысамыз, ата-аналарға айтарым – алыңыздар. Әсері ешқандай қорқатыны жоқ. Кей балдарда жеңіл түрде ыстығы көтеріледі. Кейіннен дәрі беремін. Былайынша қорқатын ештеңе жоқ», – деді қала тұрғыны Айгерім Жүсіпалиева.

№8 қалалық емханада 60 мың адам тіркелген. Жыл сайын Алмалы ауданы тұрғындары емханадан екпені тегін салдыра алады. Биыл қыркүйектің 15-нен бастап 4530 адамды вакциналау жоспарланған. Бірінші кезекте созылмалы және қант диабетімен ауратын ересектер мен кішкентай балалар және 65 жастан асқан егде адамдар қабылданады. Кейіннен 1 қазаннан бастап екпе салдырушылар 14 мыңға дейін ұлғаяды дейді дәрігерлер.  

«Осы жылы «Гриппул плюс» деп аталатын Ресейден келген вакцина салып жатырмыз. Құрамында «инактивированный клетки» деген бар. Вакцина өте жақсы. Қазір бізде 2 кабинет жұмыс істеп тұр. Адамдар алдын-ала тіркеліп... кезек жоқ», – деді №8 қалалық емхананың дәрігерлік практика бөлімшесінің меңгерушісі Жанар Бектлеуова. 

Бұрын науқастар екпеге жазылу үшін әр емхананың учаскелік дәрігеріне хабарласып немесе емханының өзіне барып бірнеше сағат кезекте тұратын. Ал қазір қолыңыздағы мына ұялы телефон арқылы бар шаруаны атқаруға болады. Мәселен, DamuMed-тің мүмкіндіктері көп. Мұнда  дәрігердің қабылдауына жазылуға болады, дәрігерді үйіңізге шақыруыңызға болады және қажетті дәрілердің тізімін де осыннан қарай аласыз. Қазір мен ұялы телефон арқылы екпеге жазылып көремін. Ол үшін арнайы маман толығырақ түсіндіріп береді

«Алдымен дәрігердің қабылдауына жазыла аласыз. Содан соң өзіңізге ыңғайлы күнді таңдайсыз. Міне, осылайша екпеге жазылдыңыз деген хабарлама шығады. Сондай-ақ, 30 қыркүйекке дейін сізге ұмытпас үшін телефоныңызға ескертпе хат келіп отырады», – деді дәрігер.

Биылғы екпе салу кезеңі 15 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралағында жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, екпе алғаннан кейін иммунитет 14 күн ішінде қалыптасады және адам азғасында жыл бойына сақталатынын айтады. Биыл жергілікті бюджет есебінен 130 мың «Гриппул плюс» деп аталатын  вакцина сатып алынды.  Алдағы уақытта тағы да 300 мың дәрілік екпені Ресейден алу жөнінде өтінім берілген.