Атырауда облыстық аурухананың жөндеу жұмыстары екі жылдан бері аяқталмай тұр

Нысанды жаңартуға 3,6 миллиард теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудағы жалғыз облыстық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары екі жылдан бері аяқталмай келеді. Жоспар бойынша нысан биыл тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда жобаға қайта түзетулер енгізіліп, құрылыс мерзімі кейінге шегерілген. Қазір тұрғындар ескі ғимаратта немесе қала сыртындағы уақытша модульдік ауруханада ем алуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty TV.

Ауруханадағы жөндеу жұмыстары басталғалы бері науқастар медициналық көмек алу үшін бірнеше мекенжайға қатынауға мәжбүр. Бұл әсіресе егде жастағы адамдарға қиындық туғызып отыр. Тұрғындар емдеу мекемесіндегі жағдайды жақсартып, құрылысты тезірек аяқтауды сұрайды.

«Аурухананың жөндеу жұмыстары тезірек аяқталса екен дейміз. Қазір біресе ана жаққа, біресе мына жаққа баруға тура келеді. Барсаң, кейде дәрігер де болмайды. Құрылыстың тезірек біткенін қалаймыз», – дейді қала тұрғындарының бірі.

Жалпы құны 3,6 миллиард теңге болатын медициналық мекемені жөндеу жұмыстары биыл тамызда аяқталуы керек еді. Алайда жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты құрылыс кестеден кешіккен. Қазір жауаптылар сараптама қорытындысы қараша айының соңында шығады деп күтіп отыр.

«Жұмыстың кешігуіне жобаның қазіргі уақытта сараптамадан өтіп жатқаны себеп. Сараптама аяқталған соң жөндеу жұмыстарын жалғастырып, аяқтайды деп ойлаймыз. Бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында. Жобаға операциялық бөлмелерді, желдету жүйесін және оттегімен қамту желілерін қазіргі талаптарға сай реттеу бойынша өзгерістер енгізілді. Жалпы, медициналық көмек көрсету тоқтаған жоқ», – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиев.

Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жобаға түзетулер енгізілгенімен, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Қазір нысандағы жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталған.

«Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қараша айының соңында сараптама қорытындысы шығады деп күтіп отырмыз. Алғашқы сараптама нәтижесі қанағаттанарлық болмады. Пандус, қасбет және шатыр жұмыстары толық аяқталды. Алты секцияның ішінде бірінші және екінші секцияларда ішкі жұмыстар қалды. Жобаның қорытындысына қарай әрі қарай жұмыс істейміз», – деді учаске бастығы Батырбек Қойшанов.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар аурухананың жобасы бастапқыда күрделі жөндеуді көздеген. Кейін медициналық талаптарға сай бірқатар өзгеріс енгізу қажеттілігі туындаған. Қазір бөлімшелердің уақытша бірнеше мекенжайға орналасуы дәрігерлердің жұмысына да қолайсыздық тудырып отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Almaty TV, Атырау