Екі аптаға созылған арпалыс: алматылық дәрігерлер 11 баланың анасы мен оның жаңа туған қызын аман алып қалды

05.10.2026 11:21

Акушер-гинекологтар жүктіліктің 34-аптасында шұғыл кесарь тілігіне жүгінді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы екі медициналық ұйымның дәрігерлері 11 баланың анасы мен оның күні жетпей туған қызын ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы тұрғыны 40 жасында 11-рет ана атанды. Қызының дүниеге келуіне әлі бір жарым айға жуық уақыт бар еді. Алайда үй ауласындағы баспалдақтан абайсызда құлап қалғаннан кейін жағдай күрт өзгерді. Әйелдің іші ауырып, құрсағындағы сәбиінің қимылы да өзгерген. Дәрігерлер бала жолдасының мерзімінен бұрын ажырағанын және геморрагиялық шок болғанын анықтады.

Акушер-гинекологтар жүктіліктің 34-аптасында шұғыл кесарь тілігіне жүгінді. Салмағы 1835 грамм қыз бала дүниеге келді.

Анасының өмірі үшін №4 қалалық перзентхананың дәрігерлері күресті. Ал шала туған сәбидің өмірі мен денсаулығын Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының мамандары жалғастырып қорғады. Туғанына 15 күн болғанда кішкентай қыз үйіне шығарылды.

Бұл отбасы үшін он бірінші сәби. Әйелдің бұған дейін 10 баласы болған. Үлкені - 20 жаста, кішісі бір жастан енді асқан. Он бірінші жүктілігі де алдыңғылары секілді еш асқынусыз өтіп, 34-аптаға жеткен.

Бірақ босанардан бірнеше күн бұрын әйел үй ауласындағы баспалдақтан құлап қалған. Көп ұзамай іші ауырып, баланың қимыл-қозғалысы өзгерген. Жедел жәрдем бригадасы оны №4 қалалық перзентханаға жеткізді.

«Перзентханаға түскен кезде бала жолдасының толық әрі мерзімінен бұрын ажырағаны, қан кету және II дәрежелі геморрагиялық шок анықталды. Ұрықтың жағдайы да алаңдатарлық еді. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, шұғыл әрекет ету қажет болды. Сондықтан дереу кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылданды. Салмағы 1835 грамм қыз бала дүниеге келді. Туған кездегі жағдайы ауыр болды: жүрек соғысы өте сирек, Апгар шкаласы бойынша 4/5 балл болды. Сәбиге алғашқы реанимациялық көмек көрсетіліп, ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды», - деді Алматы №4 перзентхана директорының орынбасары Екатерина Самарцева.

Бұл кезде ананың да өмірі үшін дәрігерлер күресті. Отадан кейін әйел сегіз күн бойы акушер-гинекологтар мен реаниматологтардың бақылауында болды. Алғашқы күндер ана мен сәби үшін ең жауапты кезең еді.

Нәресте жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшесінің қарқынды терапия палатасында неонатологтардың тұрақты бақылауында болды. Жағдайы тұрақталған соң, шала туған балаларға арнайы медициналық көмек көрсететін Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына ауыстырылды.

«Бала орталыққа жағдайы ауыр, бірақ тұрақты күйде түсті. Орталық жүйке жүйесінің қызметі төмендегені байқалды. Сәбидің жағдайын жан-жақты бақылап, өмірлік маңызды ағзалары мен жүйелерінің жұмысын тұрақты қадағаладық. Біртіндеп қыздың жағдайы жақсара бастады. Ол белсендірек болып, өздігінен тыныс ала бастады. Қосымша оттегінің де қажеті болмай қалды», - деді Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы жаңа туған нәрестелер бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнұр Жанбергенова.

Өмірінің 15-тәулігінде қыздың салмағы да жеткілікті деңгейге жетті. Ол дене қызуын өздігінен тұрақты ұстап, салмағын бірқалыпты қоса бастады. Өмірлік маңызды көрсеткіштері де қалыпты деңгейде сақталды.

Анасы шала туған сәбиіне күтім жасау бойынша қажетті білім мен дағдыны меңгерді. Сөйтіп екеуі үйіне шығарылды.

Бүгінде кішкентай қыз үйде - анасының қасында, өзінен үлкен он аға мен әпкелерінің ортасында.

Толық көрсету