Рентген, КТ және МРТ нәтижелері бірыңғай цифрлық жүйеде сақталады

25.11.2026 21:50

Енді рентген, компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) нәтижелері бірыңғай цифрлық жүйеде сақталады. Бұған дейін мұндай зерттеулердің қорытындысы әр медициналық ұйымның жеке базасында жинақталып келген. Сондықтан науқас басқа ауруханаға қаралуға барғанда бұрынғы зерттеу нәтижелерін өзімен бірге алып жүруге мәжбүр болатын. Енді дәрігерлер қажетті деректерді электронды форматта өздері қарай алады. Бұл өзгерістер Денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауыл тұрғындары үшін де медициналық көмек алу мүмкіндігі кеңейе түспек. Енді ірі қалалардағы білікті дәрігерлер шалғайдағы науқастарды қалаға шақыртпай-ақ, аудандық ауруханада түсірілген диагностикалық зерттеу нәтижелерін қашықтан қарай алады. Өзге өңірге көшкен немесе басқа медициналық ұйымға қаралатын азаматтар да зерттеу қорытындысын дискіге жаздырып, қағазға шығарып әуре болмайды. Қажетті мәліметтер бірыңғай жүйеде сақталады. Депутаттардың айтуынша, бұл қайталама тексерулерді азайтып, медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Медициналық бейнелердің бірыңғай базасын құру, зертханалық және радиологиялық ақпараттық жүйелерді интеграциялау – бұл жай ғана техникалық жаңғырту емес. Еліміздің кез келген өңіріндегі дәрігер науқастың ауруы туралы толық ақпаратты жедел көре алады», – деді Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева.

Тағы бір өзгеріс медициналық құжаттарды рәсімдеуге қатысты болмақ. Жаңа тәртіпке сәйкес, пациент дәрігерге емделуге келісімін қағаз жүзінде ғана емес, онлайн форматта да бере алады. Вице-министрдің айтуынша, бұл екі тараптың да уақытын үнемдеп, қағазбастылықты азайтуға көмектеседі.

«Ең бастысы, азаматтардың өз денсаулығы туралы толық ақпарат алу және медициналық көмектен бас тарту құқықтары сақталады. Бұл өзгерістер құжат рәсімдеуге кететін уақытты азайтып, дәрігерлердің пациенттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Қазақстан медициналық туризмді дамытуға да басымдық беріп отыр. Жыл сайын елімізге емделу және сауықтыру қызметтерін алу үшін 80 мыңға жуық шетелдік келеді. Олар кардиохирургия, онкология, трансплантология сияқты күрделі бағыттар бойынша қызмет көрсететін заманауи орталықтарға жүгінеді. Үкімет медициналық туризмді дамыту арқылы шетелден келетін пациенттер санын арттыруды көздейді. Осы мақсатта заңнамаға «медициналық туризм» ұғымын енгізу ұсынылды.

«Медициналық туризмді дамыту арқылы денсаулық сақтау жүйесіне қосымша инвестиция тартуды және өз азаматтарымызға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін пациенттерге сервистік қызмет көрсетуге үйрету де маңызды міндеттердің бірі», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Медициналық туризмді дамыту үшін шетелден келетін науқастарға қолайлы жағдай жасау да маңызды. Осы мақсатта салаға жауапты арнайы қызметтер құрылып, ем іздеген шетелдіктерге арналған көптілді ақпараттық платформа әзірленбек.

Бұдан бөлек, заң жобасында кәмелетке толмаған балаларға туған бауырына дің жасушаларының доноры болуға рұқсат беру мәселесі қарастырылған. Бұл рәсім ата-анасының және баланың келісімімен жүзеге асырылмақ. Құрылтай құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Аршат Әділжанқызы. Нұрлан Өтеген. Әлихан Өтеген. Almaty TV. Астанадан.

Толық көрсету