Түркістан облысында сәби екі батарея жұтып қойды

29.09.2026 15:00

Дәрігерлердің айтуынша, екінші батарея ішек жолына өтіп кеткен

Түркістан облысында тоғыз айлық сәби екі батарея жұтып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүлдіршіннің өңешіне түскен қуат көздерінің бірі кептеліп қалған. Дәрігерлер шұғыл ота жасап, батареяны алып шыққан.

Дәрігерлердің айтуынша, екінші батарея ішек жолына өтіп кеткен. Ақ халаттылар сәбидің жағдайын жіті бақылауда ұстаған. Бірнеше күннен кейін екінші батарея табиғи жолмен шыққан.

Отадан кейін бүлдіршін үш тәулік жансақтау бөлімінде жатқан. Қазір оның жағдайы тұрақты.

Балалар ауруханасының дәрігер-хирургі Бердәлi Тасанбидің айтуынша, сәбидің өңешінде күйік белгілері бар. Дәрігер ата-аналарды балалардың қолы жететін жерде батарея, магнит секілді ұсақ заттарды қалдырмауға шақырды.

«Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты. Ешқандай тәбет бұзылысы жоқ. Бірақ өңеште күйік белгілері бар. Қазіргі таңда балалардың осындай бөгде денелерді жұтуы өте көп кездеседі. Соның ішінде батарейка жұту жағдайлары да бар. Сондықтан балалары бар үйлерде осындай батарейкалар мен магниттерді қолжетімді жерде қалдырмаған жөн», – деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, әсіресе түйме тәрізді батареялар бала денсаулығына аса қауіпті.

Толық көрсету