Ұлытау облысында медицина мамандары жетіспейді

02.10.2026 21:14

Өңірге жұмыс істеуге келген мамандарға баспана беріледі

Ұлытау облысында медицина мамандары жетіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңірге жас дәрігерлерді тарту үшін 8 миллион теңгеге дейін көтерме ақы ұсынылып, резидентурада оқуына және баспанамен қамтылуына қолдау көрсетіліп жатыр. Соған қарамастан, соңғы үш жылда өңірге келген мамандардан жұмыстан кеткендердің саны көп.

Соңғы үш жылда Ұлытау облысына 101 жас дәрігер келген. Алайда осы кезеңде медициналық ұйымдардан 158 маман жұмыстан кеткен. Әсіресе бейінді мамандар тапшы. Дәрігерлерді өңірде тұрақтандыру үшін бірқатар әлеуметтік қолдау шарасы қарастырылғанымен, кадр тапшылығы әлі де өзекті.

– Бүгінде облысқа анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, хирургтар мен онкохирургтар қажет. Оның ішінде торакальды және абдоминальды хирургтарға сұраныс жоғары. Сондай-ақ онкология саласында да мамандар жетіспейді, – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев.

Өңірге жұмыс істеуге келген мамандарға баспана беріледі. Сондай-ақ 8 миллион теңгеге дейін көтерме ақы төленіп, резидентурада білім алуына мүмкіндік жасалған. Мұндағы мақсат – кадр тапшылығын азайтып, дәрігерлерді өңірде тұрақтандыру.

– 2023–2024 жылдары жергілікті бюджет есебінен 38 резидентті оқытуға үшжақты шарт жасалды. Қазір олар еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. 2024–2025 жылдары бағдарлама аясында өңірімізге 100-ге жуық дәрігер келді. Мамандарға 5 миллионнан 8 миллион теңгеге дейін көтерме ақы беріледі. Сонымен қатар 90 дәрігер баспанамен қамтамасыз етілді, – деді Еркебұлан Бейсембаев.

Дегенмен жастардың көбі ірі қалаларды таңдайды. Колледж бен университет түлектері оқуын аяқтағаннан кейін Астана мен Алматы секілді қалалардан жұмыс іздеуге немесе білімін жалғастыруға ұмтылады. Олардың мұндай таңдауына инфрақұрылым мен мүмкіндіктердің көптігі әсер етеді.

– Мен хирург болғым келеді, операциялық бағытта жұмыс істеуді жоспарлап жүрмін. Колледжді аяқтағаннан кейін Қарағанды немесе Алматы облысындағы жоғары оқу орнына түсіп, білімімді әрі қарай жалғастырғым келеді, – деді медициналық колледждің 4-курс студенті Ерасыл Төлеген.

Ұлытау облыстық жоғары медициналық колледжінде бүгінде мыңға жуық студент білім алып жатыр. Оның 250-і мемлекеттік грант негізінде оқиды. Дегенмен болашағын өңірмен байланыстырып, туған өлкесінде еңбек еткісі келетін жастар да бар.

– Жезқазған қаласындағы жедел жәрдем станциясында немесе Қаражал, Жаңаарқа секілді елді мекендерде жұмыс істеп, тәжірибемді жетілдіргім келеді. Дәрігер мамандығында ең бастысы – білім мен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті сезініп, халыққа қызмет еткім келеді, – деді медициналық колледждің 4-курс студенті Жанар Кеңес.

Кадр тапшылығы медициналық көмектің қолжетімділігіне де әсер етіп отыр. Қазір жыл сайын Ұлытау облысынан 9 мыңға жуық адам медициналық көмек алу үшін өзге өңірлерге жолданады.

Алтынгүл Төлегенова, Almaty TV, Ұлытау облысынан.

Толық көрсету