Бауыржан Байбек Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетті

02.02.2022 21:29

Ол Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты

tengrinews.kz

2019 жылдың маусым айынан бері Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек бүгін аталған қызметтен өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бауыржан Қыдырғалиұлы партияның алдында жаңа міндеттердің тұрғанын, осы күнге дейін ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты. Ал міндеттерді жүзеге асыру үшін партияда қажеттінің бәрі – адамдар, тәжірибе, ресурстар және инфрақұрылым бар деді ол.

«Съезде ел Президенті, Nur Otan партиясының жаңадан сайланған Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияны реформалау, жұмыстың әдістері мен мазмұнын жаңарту, партиялық бақылауды күшейту, қоғамдық қабылдаулардың тиімділігін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту, сондай-ақ жаңа формациядағы адамдарды тарту жөнінде нақты міндеттер қойды», – деп жазды ол.

Осылайша Б. Байбек партия басшылығы қызметінен өз еркімен кету туралы өтінішін жазғанын, Төраға оны мақұлдағанын айтты.

«Nur Otan алдына жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап ететін мүлде жаңа міндеттер қойылды. Сондықтан мен партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа атқарып отырған қызметімнен босату туралы тиісті өтініш бердім. Бүгін менің өтінішім қанағаттандырылды.

Мен мемлекеттік және партиялық қызметте 20 жылдан астам еңбек еттім: екі рет, жалпы алғанда 6 жылға жуық – Nur Otan Төрағасының Бірінші орынбасары, 3 жылға жуық – Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымдарында, 4 жыл Алматы қаласының әкімі болып жұмыс істедім.

Қандай қызмет атқарсам да, қай салаға жауапты болсам да, мен әрқашан Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайтуға, қоғамда ішкі саяси тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге, ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға өзімнің үлесімді қосуға тырыстым. Өз жұмысымда ашықтық және жауапкершілік қағидаларын басшылыққа алдым. Ар-намыс, сөзге беріктік және іске адалдық деген ұғымдар мен үшін әрқашан бірінші орында болды», – деді Б.Байбек.

Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Мемлекет басшысы – партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, партияластарына және Қазақстан халқына алғысын білдірді.

«Партия аппаратының қызметкерлеріне, сондай-ақ орталықтағы және жергілікті жерлердегі барлық партия мүшелеріне ерекше алғыс білдіремін. Олар – жауапкершілікті өз мойнына алудан қорықпайтын іскер жандар, Қазақстанның болашағы үшін күн сайын қажырлы еңбек ететін нағыз патриоттар. Сіздермен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды», – деп атап өтті ол.