Руслан Ысқақов Қазақстанның Даму банкін басқарады

16.02.2022 22:38
facebook.com/baiterek

Руслан Ысқақов Қазақстанның Даму банкін басқарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі "Бәйтерек" ұлттық холдингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ акционерінің шешімі бойынша Руслан Викторович Ысқақов 16 ақпаннан бастап "Қазақстанның Даму банкі" АҚ (ҚДБ) басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Ол бұған дейін холдингтің еншілес ұйымы - "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ-ны басқарды", - делінген хабарламада.

"Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев ұжымға ҚДБ-ның жаңа басшысын таныстырды.

"Руслан Викторовичтің қаржы ұйымдарында 18 жылдан аса жұмыс тәжірибесі бар, алты жыл бойы КаzakhExport-ты басқарды және бүгіннен бастап Қазақстанның Даму банкінің басшысы болып тағайындалды. Іс-әрекеттегі меритократия қағидаты туралы айтқым келіп отыр: банк нарығында және біздің холдингте табысты жұмыс істеген адам енді ең жоғары позициялардың біріне жетті. Оны қолдап, бірге табысты жұмыс істейсіздер деп сенемін", - деді Қ.Шарлапаев ҚДБ ұжымына арнаған сөзінде.

Ал компанияның басқарма төрағасының орынбасары Рауан Жақсыбаев KazakhExport басшысы міндетін 16 ақпаннан бастап атқарады.