|
11.05.2018 | 23:28
1797

Алматыда жол-көлік апаты жиі орын алатын көшелер анықталды

Алматыда жол-көлік апаты жиі орын алатын көшелер белгілі болды. Полицейлердің дерегінше, көшті Райымбек пен Сүйінбай даңғылы қиылысқан аймақ бастап тұр. Жалпы қалада жүргізушілер үшін қауіпті 6 аумақ бар екен. Сол жерлердегі көлік апаты былтырғы жылдың 4 айымен салыстырғанда биыл 12 пайызға бірақ өскен. Аталған орындардағы апат соңы, тіпті, адам өлімімен аяқталып жатыр екен. Бұған не себеп?

Көлік апаты жиі орын алатын аймақтар рейтингінде көш бастаған Алматыда жол-көлік оқиғасы өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 12 пайызға көбейіпті. Мәселен, былтыр алғашқы 4 айда қалада 1300-ден астам көлік соқтығысса, биыл жол апатының саны, тіпті, 1500-ден асып кеткен. Салдарынан жапа шегіп, тағдыры тас жолда талқандалғандар да көбейген. Өткен жылдың осы мерзіміндегі санақпен салыстырсақ, биыл қайтыс болғандар саны 2 адамға артып 38-ге жеткен.

«Негізгі осы жол апатының себебі - ол мына біздің жүргізушілердің маневр жасауы. Мысалы, бір қатардан бір қатарға ауысқан кезде қасындағы көлікті жібермеуі. Немесе жылдамдықты асырып жүреді. Болмай кеткенде, мына перекрестоктарда қызылға өтіп кетеді. Бағдаршамның қызылына өтіп кеткен себептер де болады», - Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Жергілікті полицейлердің дерегінше, қазір Алматыда көлік апаты ең көп орын алатын 6 жол учаскесі бар. Соның көш басында мына Сүйінбай мен Райымбек даңғылының қиылысы тұр. Мұнда былтыр алғашқы 4 айдың ішінде 10 көлік апаты орын алып, 12 адам зардап шеккен екен. Ал биылғы жыл басынан бері 12 дерек тіркеліп, 14 адам жарақаттанған.

Көлік апаты көп болатын қиылыстардың тізбегін әрмен қарай Сайын көшесі мен Райымбек даңғылы жалғастырады. Бұған қоса, Сәтпаев, Жандосов, Манас көшелерінің қиылысы да жүргізушілер үшін қауіпті тұстардың қатарында . Ал, айналасы бейнебақылау камерасы толған Абай даңғылы мен Сайын көшесінде көлік апатынан биыл, тіпті, 15 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Райымбек даңғылы мен Емцов көшесінің, Төле би мен Өтеген батыр көшесінің қиылысы да қауіпті қиылыстардың тізімінде. Бұл жерде биыл 2 адам өлім құшқан.

«Бізде видеофиксация да бар. Барлығы орнатылған. Бірақ осы жүргізушілердің жол ережесін сақтамағанынан немесе жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамағанынан осындай жол апаты болып жатыр. Сондықтан бізде кей жерлерде қазір жылдамдықты азайтып жүру белгілерін қою ұсынысы енгізіліп жатыр. Мысалы, Пушкина, Райымбека, Сүйінбай сол жерлерге. Қазір 60 шақырым, енді соны 40-қа ауыстырамыз деп ойлап отырмыз», - деді  Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Қауіпті қиылыстардағы жылдамдықты азайту әзірге тек жоспарда бар дүние. Дегенмен, сақшылар сол жерлерге патрульдік полиция қызметкерлерін кезекшілікке қойып, тас жолдағы тәртіпті қатаң бақылауға шықпақ. Сондай-ақ жолды көлденең кесіп өтетіндерді де тезге салмақ. Өйткені, жол апатының орын алуына жаяу жүргіншілердің де көп кесірі тиеді екен. Былтыр жүргізушілер көшеде 721 адамды қақса, оның тек 107-сі ғана тиісті жолақтан өтіпті.

 

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир