|
04.04.2018 | 19:20
7916

Алматыдағы Ықылас атындағы мұражайға Құрманғазы домбырасының көшірмесі қойылды

Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы жаңа жәдігермен толықты. Бүгін қазақтың ұлы күйші-композиторы, аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы домбырасының көшірмесі мұражайға қойылды. Сонымен қатар, күйшінің төл шәкірті Ерғали Есжановтың да домбырасы ресми түрде табысталды.

Дүлдүл домбырашының дара ауыз мылтығын мұражайға табыстау күй кешімен басталды. Онда «Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар» оркестрінің домбырашылар құрамы және басқа да күйшілер өнер көрсетті. Күйшінің шығармалары орындалып, өнерпаздар сахнада ән шырқады.

Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы халықаралық ЮНЕСКО аясында кеңінен тойланып жатыр. Киелі домбыраның көшірмесі Астрахань облысы Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы мәдени орталық қорында сақталып келген. Бүгін күйші-композитордің аспабымен бірге төл шәкіртінің де домбырасы мұражайға табысталды.

Сонымен қатар, Дина Нұрпейісованың камзолы, 19-шы ғасырда киген шапаны мен зергерлік бұйымдары көрмеге қойылды. Кеш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында Махамбет, Біржан сал, Сүгір, Есбай, Қазанғап, Жамбыл, Абай сынды ұлы тұлғалардың домбыралары бар. Соңғы екі жылда мұражайға 100-ге жуық мемориалды экспонаттар алыныпты. Оның ішіндегі ең құндысы Ақан сері мен Құрманғазының домбыралары екен.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир