|
28.05.2018 | 21:12
6749

Елімізде жыл басынан бері 70-тен аса орман өрті тіркелген

Еліміздің бірнеше аймағында өрттің белең алу қаупі жоғары. Тілсіз жаудың қай өңірде көбірек тұтануы мүмкін екенін Ішкі істер министрінің орынбасары мәлімдеді. Юрий Ильин бұдан басқа өткен аптада алай-дүлей салған дауыл мен оның салдарын жою жайын да сөз етті.

Ішкі істер вице-министрінің айтуынша, жыл басынан бері елімізде 70-тен аса орман өрті тіркелген. Қызыл жалынның нағыз өршитін маусымы басталдарда ведомствоаралық комиссия отырысы да өтіпті. Онда Орман шаруашылығы комитетінің бөлімшелері мен әкімдіктің дала және орман өрттеріне дайындығы да пысықталған.

«Бірқатар өңірде күрделі өрт қаупі кезеңі басталғанын білесіздер. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі жоғары. Ел аумағында демалыс күндері ауа райы қолайлы болған соң, ауқымды орман өрттері болған жоқ. Былтыр осы кезеңде 77 орман өрті мен екі дала өрті болса, биыл осы кезеңде 71 орман өрті мен 4 дала өрті тіркелді»,-деді ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий ИЛЬИН.

Сондай-ақ өткен аптада тосыннан соққан дауыл мен оның салдары айтылды. Ильиннің мәліметінше, Астанадағы қираған үйлер мен маңызды нысандарды жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл ретте зардап шеккен өзге де өңірлер ұмыт қалмайды. 

«Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында да дауыл болып өтті. Оның салдарымен де жұмыс жалғасып жатыр. Себебі ол жерлерде әртүрлі көлемдегі әкімшілік және әкімдік ғимараттары, мектеп мекемелеріне зақым келді. Осындай ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары 10 күн ішінде жүргізіледі»,-деді ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий ИЛЬИН.

Ведомство басшылығы суға тусу маусымының басталғанын айтып, азаматтарға сақтық шараларын ұмытпауда айтты. Әсіресе, оқу жылы аяқталғанда ата-аналар өз балаларына мұқият болуларын сұрады. Жыл басынан бері елімізде 28 адам суға кеткен. Оның 11-і балалар. Былтыр осы кезеңде 44 адам суға кетсе, 25-і кәмелет жасына толмаған.


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
Прямой эфир