|
17.07.2018 | 17:34
2476

Қызылжарда өткен футбол турнирі: қиырда жүрген қазақ жастары бас қосты

Серілердің серісі – Сегіз серінің туғанына 200 жыл. Жаяу Мұса мен Біржан сал, Үкілі Ыбырай мен Ыбырай Алтынсарин бата алған Мұхамедқанапия Бахрамұлының мерейтойына орай мини-футболдан турнир өтті.

Петропавл қаласында өткен дүбірлі додаға әлемнің 9 елінен келген қазақ командалары қатысты. Байрақты бәсекені «Ер-Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. 

Елі бөлек болса да елдігі бір, оты бөлек болса да Отаны бір қиырдағы қазақ жастарының басын спорт қосты. Алайда, алыстан жеткен ағайын жарысқа келдік деген жоқ. Керісінше, амандық сұрасып, бауырлармен қауышу басты мақсат дейді.

«Біз жат елдегі қазақтармыз. Қандас, бауырмалдық, қазаққа деген сезіміміз ерекше. Сондықтан барлық жұмысымызды артқа қойып, жарысты алға қойып келдік. Жарыста алға түсу емес мақсат, қандастарымызбен танысып, олармен сөйлесіп, достассақ деген оймен келдік», – деді «Байөлке» командасының ойыншысы (Моңғолия) Саябол ҚУАНБАЙ.

«Ер-Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тікелей ұйымдастыруымен шағын футболдан өткен турнирге 28 команда қатысты. Оның тоғызы шет мемлекеттен келген қандастардан құралған. 2006 жылы құрылған қордың түпкі идеясы да осы – дүниежүзі қазақ жастарының жоғын түгендеп, жоқтаушысы бар екенін білдіру.

«Шеттегі қазақтардың жоғалтып алғаны – тұрған жері де, елі де емес, тілі, дәстүрі. Дінімізді жоғалта қоймаспыз. Бірақ дәстүр мен тарихын білмеген, тілін білмеген ұлттың мәңгілік ұлт болып қалуы өте қиынға соғады. Мақсатымыз – жастардың осылай басын қосу, дәстүрге, тәуелсіздікке, тілге, елге деген қызығушылықтарын арттыру», – деді «Ер-Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс ТҮРКИЯ.

Қырық мыңдай қаракөз қандасымыз тұратын Түркиядағы бүгінгі қазақ жастары тілін ұмыта бастаған. Ұлтжанды үлкендердің алаңдайтын мәселесі де осы екен. Ал Еуропадағы өскіндер ана тілінен ажырап қалды деуге әбден болады дейді. Сондықтан мұндай шаралардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы ұлтқа аса қажет дүние деп санайды Арғынбек.

«Футбол турнирі сылтау ғой, әсілі, мақсат – қазақ жастарының басын қосу деп ойлаймын. Қазір жастар Стамбұл, Измир, Анкара секілді үлкен қалаларда. Ең алдымен біздің байқағанымыз, қазақ тілі жоғалып бара жатыр. Соған уайымдаймыз. Оған не істеу керек екенін біле алмай отырмыз. Енді осындай жиылыстар, мерекелер болғанда жігіттерді жинап, Қазақ Отанын көрсетсек болды деп отырмыз», –  дейді «Түркия Стамбұл» командасының капитаны (Түркия) Арғынбек Гүләр.

Тіл мәселесі қазақтың теріскейінде де өзекті. Сондықтан Солтүстікте өткізілген бәйгенің астары да арыда жатыр. Ал той әйгілі сазгер, ақын Мұхамедқанапия Бахрамұлының 200 жылдығына арналды. Қап дегізетін нәрсе – кілең қазақтың марқасқалары шыққан өңірде ұлт мақтаныштарын насихаттау жұтаң екен.

«Өзіміздің ұлтымыз аздау, аз болғанмен сапалы. Сапалы дейтінім, Солтүстік Қазақстанда жыл сайын тұлғалар атын тану шаралары атқарылады, егер әрқайсысын мемлекеттік деңгейде атап өтетен болса, Солтүстік Қазақстан қазақтың ұлт мақтанышы болып жүрген тұлғаларды жыл аралатып атап өтетін орынға айналар еді», – деді филология ғылымдарының докторы Күләш АХМЕТ.  

Дүниежүзі қазақ жастарының арасындағы шағын футболдан «Ер-Жәнібек кубогы» осымен 4-ші жыл өтті. Жарыстың соңғы сегіздігіне шеттен келгендердің ішінде Қырғызстанның «Алаш» командасы ғана шыға алды. Сөйтіп, төртінші орынды Петропавл, үшінші орынды Көкшенің жігіттері иеленді. Ал, екінші орынды алматылық «Бірлік-Керуен» командасы алса, бас жүлдені тағы да алматылық «Сауыр-Алматы» қанжығалап кетті.

Халықаралық турнирдің негізгі мақсаты – қазақ жастарын рухты болуға, отансүйгіштікке, спортқа баулу. Байрақты бәсекеге Франция, Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Австрия, Дания, Иранда тұратын қазақ жастарынан құралған командалар, сондай-ақ, Қазақстан қалаларынан жасақталған, жалпы саны 28 команда қатысты.

Қазаққа ғасыр ақыны Мағжанды, Ғабит пен Сәбитті сыйлаған қасиетті Қызылжар жеріндегі бәсеке осымен мәресіне жетті. Дүниежүзі қазақ жастарының арасындағы доданың бұл өлкеде өтуі тегін емес. Біріншіден, Сегіз сері Бахрамұлының 200 жылдығына арналса, екіншіден, саяси астары тағы бар. Ал келесі жылғы бәйгені өткізуге бірнеше облыс ұсыныс тастап жатқан көрінеді. Демек, бір жылдан кейін алты құрлыққа тараған қазақ баласының басы тағы қосылады деген сөз.

Үмбетәлі Меймеш, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир