Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Алматыда Орталық Азия университетінің студенттеріне жаңа жатақхана салынды

Алматыда Орталық Азия университетінің студенттеріне жаңа жатақхана салынды. Бұл - оқу орнының 20 жылдығына орай шәкірттерге жасалған сый. Сонымен қатар, оқу орны аз қамтылған отбасынан шыққан он шақты студентті ақылы бөлімнен ауыстырып, арнайы грант бөлді.

Гүлмира Әли Орталық Азия университетінің бірінші курс студенті. Талдықорған қаласынан келген. Қазір Алматының іргесінде жақындарымен бірге пәтер жалдап тұрады. Айтуынша, сабаққа келіп-кету қиын  болыпты. Кептелістің кесірінен бірнеше рет кешігіп те қалған екен. Қазір мына жатақхананың салынғаны студенттердің көңілін марқайтты.  

«Біз бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. Оған көптеген шығындар кетеді. Сол себепті қиынырақ болды. Ал енді жатақхана ашылып, бізге тиімді болып жатыр. Бұл жерде жағдайымыз өте жақсы. Мысалы, ас үйі бөлек, жуынатын бөлмесі бөлек және сабақ оқитын бөлмесі бөлек орналасқан», - деді Орталық Азия университетінің студенті Гүлмира ӘЛИ.

500 пәтерлі жатақханада барлық жағдай жасалған. Жиһаздар кіргізіліп, жарық пен жылу берілген. Ас үйі де бөлек. Коммуналдық қызметті оқу орны төлейді екен. Заманауи жатақхана студенттерге Орталық Азия универститетінің 20 жылдығына орай сыйға тартылды. Тың жатын орынмен қала басшысы Бауыржан Байбек танысты. Аталған оқу орны жаңа жатақхананы «Жастар жол картасы» бағдарламасы аясында ашып отыр. Нысанның құрылысына Орталық Азия университеті 50 миллиард тенге жұмсапты. Алдағы уақытта мұғалімдерге арналған пәтер салу жоспарда бар екен.  

«Ары қаратай дамып келе жатырмыз. Осы бір жылдардың ішінде мыңға жеткіземін пәтерлердің санын. Ары қарай көреміз. Қазір біз 20 жылдыққа орай 200-ден астам шыршалар ектік. Тағы да 800 егем», - деді Орталық Азия университетінің ректоры Жұматай ӘЛИЕВ.

Елбасы Алматыда 2017 жыл «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Соның аясында 2018 жылы 2 жарым мыңға жуық студентке баспана салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 2 мың орындық 4 ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Ал 2020 жылға дейін қалада 7 мың білімгерге арналған 12 жатақхана қолданысқа берілмек.  Орталық Азия университетінің 20 жылдығына орай келесі оқу жылында көп балалы отбасынан шыққан 100 студентті және 20 үздік білімгерді ақысыз бөлімге ауыстырып, оларға грант бөлу қарастырылған екен.      

Өмір Әнуарбек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы