Б. Сағынтаев Өжет пен Шаңырақ-5 ықшам ауданындағы жол құрылысы жұмысының барысын тексерді

29.05.2021 16:22

Мердігерлер асфальт төсеу жұмыстарын жаздың соңына дейін аяқтауға міндеттелді

Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Өжет пен Шаңырақ-5 ықшам ауданындағы жол құрылысы жұмысының барысын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы әкім Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Жұмыс сапары кезінде Өжет пен Шаңырақ-5 ықшам ауданындағы жол құрылысы жұмысының барысын тексердім. Қосылған осы аймақтар мен басқа да ықшамаудандардың тұрғындары бірнеше рет жол салып беруді сұраған еді. Көктемде болған кездесуде уәде берілгендей, күн жылысымен асфальт төселе бастады. Қазіргі уақытта Өжеттегі 15 көшеде жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда алғаш рет 87 көшеде 11,3 км жол салынады. Шаңырақ-5-те бұл жұмыс 18 көшеде жүріп жатыр. Мұнда 29 көшеде 6,6 км жаңа жол пайда болады. Мердігерлер асфальт төсеу жұмыстарын жаздың соңына дейін аяқтауға міндеттелді.

Тұрғындардың өтініші бойынша көшеге жарық қою мәселесі шешілуде. Мұнда балалар алаңын, әлеуметтік нысандар, полицияның модульдік бекеттерін ашып, бейнебақылау камераларын орнатамыз. Осылайша «Жаңа Алматыны» дамыту кешенді жоспарының басты міндеті тұрғылықты жеріне қарамастан, барша алматылықтар үшін қолайлы жағдай жасау мәселесін біртіндеп шешетін боламыз», – деп жазды қала басшысы.