Жаңа Алматы аудандарында бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы басталды

22.04.2021 16:29

Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – белсенділігі төмен аудандар үшін 5%, белсенді аудандар үшін 7%

Фото: sberech.com

Жаңа Алматы аудандарында бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматының Наурызбай, Алатау, Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындары бизнес жүргізу үшін жылына 5% мөлшерлемемен несие ала алады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша «Almaty Business» өңірлік бағдарламасына тиісті түзетулер енгізілді. Бұған дейін, Алматының кәсіпкерлеріне жоғарыда аталған бағдарлама аясында жылына 7% пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілгенін еске саламыз.

«Алматы бизнесінің басым бөлігі сауда және қызмет көрсету саласынан тұрады. Осыған байланысты, Алматы әкімдігі мен «Даму» қоры сауда, сұлулық салондары, монша кешендері, хостелдер және басқа да салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасына бастама жасады. Жүргізілген талдауға сәйкес шағын және орта бизнес субъектілері қала аудандарында біркелкі шоғырланбаған. Олардың саны бойынша Бостандық, Алмалы, Медеу аудандары көш бастап тұр және олардың үлесі 50%-дан асады. «Даму» қорымен келіссөздер жүргізу арқылы әкімдік белсенділігі төмен аудандардың тұрғындары үшін пайыздық мөлшерлемені 7%-дан 5%-ға дейін төмендетті», деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.

Бағдарламаға Алматы қаласында тіркелген және қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Бір қарыз алушыға берілетін қарыздың ең жоғарғы сомасы 180 млн теңгені құрайды. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – белсенділігі төмен аудандар үшін 5%, белсенді аудандар үшін 7%.

Өңірлік бағдарлама аясында 2021 жылы тепе-тең негізде 11,2 млрд теңге қарастырылған (ауыспалы және револьверлік қаражат). Бүгінгі таңда жалпы несие сомасы 1 346,4 млн теңгені құрайтын 21 жобаға қолдау көрсетілді.