Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімі Санжар Тоғайдың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн-брифинг өтті. Брифинг барысында әкім Наурызбай ауданының халқы сапалы сумен жүз пайыз қамтылғанын айтты. Бүгінде ауданның әрбір бұрышына ауыз су келіп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Санжар Тоғай аудан тұрғындарының 30 пайызы ғана орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылғанын, қалған 70 пайызы ашық су тоғандары мен жеке ұңғымалардың суын пайдаланатынын хабарлады.
«Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс ықшам аудандарында 122 шақырым су жүйесі және 85 шақырым кәріз құбыры жұмыстары мен Қарғалы өзеніндегі су өңдеу стансасы құрылысы тоқтаусыз жүргізілуде. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, 70 мың аудан халқы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады»,— деп хабарлады Наурызбай ауданының әкімі.
Брифинг барысында Санжар Тоғай мегаполисті дамытудың «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы айтты. Естеріңізге сала кетейік, оның негізгі міндеті — орталық пен қаланың шет аймақтарын дамыту арасындағы теңгерімсіздікті жою. «Жаңа Алматы» кешенді дамыту жоспары инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар салу жұмыстарын көздейді және 2020-2024 жылдарға есептелген.
«Біз Наурызбай ауданында заманауи стандарттарға сәйкес келетін және Алматы тұрғындары мен қонақтарының күткеніне барынша жауап беретін, бірақ сонымен бірге тарихи даралықты сақтай отырып, әдемі, ыңғайлы, қауіпсіз және жайлы қалалық орта құруға тырысамыз. Біздің ауданда өндірістік парк, Қарғалы өзенінде сүзгі станциясы жұмыс істейді, Ақжар“ және Тастыбұлақ шағын аудандарында су құбыры желілерінің құрылысы жүріп жатыр, Абай даңғылы бойынша жол салынып жатыр»,— деп хабарлады Санжар Тоғай.
Ол сондай-ақ басқа да әлеуметтік нысандар құрылысын қарқынды дамыту бойынша жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар, ол жасыл аймақтарды кеңейтудің, тұрғындар үшін демалыс орындары мен алаңдарды көбейтудің маңыздылығы туралы айтты.
«Біз халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырамыз», — деп қорытындылады Санжар Тоғай.
Айта кетерлігі, аудан даму үстінде әрі келбеті де өзгеруде. 2021 жылдың 1 тоқсанында 85 көпқабатты үй пайдалануға берілді.
Бұдан басқа, 114 көпқабатты тұрғын үй (4000-нан астам пәтер) салынуда.