Алматыда 200 мың тұрғынды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ететін қосалқы станция салынады

04.05.2021 21:09

Қала әкімі Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысының жұмысын тексерді

Almaty.tv

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданындағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның құрылысын тексерді. Шаһар басшысы жұмыс сапары барысында Қайрат ықшам ауданында салынатын «Тұздыбастау» қосалқы стансаның құрылысын көрді. Электр бекеті биыл күзде пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мегаполис басшысы аудандағы өзге де нысандарды аралады. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.

Биыл «Тұздыбастау» қосалқы стансасы салынған соң Әлмерек, Нұршашқан, Қайрат ықшам аудандарының 200 мыңға жуық тұрғыны сапалы жарықпен қамтылады. Жоба, әсіресе, қалаға жаңадан қосылған шағын аудандар үшін үлкен маңызға ие. Бұдан бөлек жаңа нысан Алматы облысына қарасты Талғар ауданының мегполиспен іргелес елді мекендерін үздіксіз энергиямен қамтамасыз етеді.

Қала әкімі Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысының жұмысын тексерді. Заманауи өтпежол төрт және алты жолақтан тұрады. Жоба сәтті жүзеге асса қалада кептеліс азаяды.

Сонымен қатар, Қайрат шағын ауданында 1500 орынға арналған мектептің құрылысы жүріп жатыр. Білім ордасы жыл соңында пайдалануға беріледі. Жалпы ауданда қазір 1700 орын жетіспеушілігі байқалады. Жаңа мектеп бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарына сәйкес қаланың барлық аудандарында мектептерді жеделдете салу бағдарламасы қабылданған. Осы орайда биыл мектептердегі орын тапшылығын 73%-ға азайту жоспарланып отыр.

«Мектепте кіші, орта және жоғары сыныптарға арналған үш оқу блогы болады. Сондай-ақ, екі спорт залы мен мектеп ауласында воркаут және балалар алаңдары орналасады. 280 орынға шақталған асхана да бар», – деді жобаның бас инженері Шыңғыс Арысбеков.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев Қайрат ықшам ауданындағы «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көппәтерлі үйлердің құрылысын көрді. Кешен 2062 пәтерлі 35 үйден тұрады. Оның ішіндегі бір жарым мыңға жуық баспана мұқтаж жандарға сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Мердігер компания өкілі құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

«215 адам жұмыс істеп жатыр. Қазір енді Құдай қаласа тамыз айына өткіземіз деп отырмыз. Ерекшелігі вентеллированный фасад дейді, сондай еуропалық стандартпен салынып жатыр», – деді құрылыс учаскесінің бастығы Рүстембек Жақпанов.

Әрі қарай мегаполис басшысы Жас Қанат ықшам ауданындағы спорттық-сауықтыру кешенін аралады. Онда әмбебап спорт, бассейндер мен күрес залдары болады.

«Бұл аудандағы ең үлкен спорт кешені болады. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес залы, 25 метрлік үлкен бассейн және балалар бассейні орналасады. Кешен бір мезгілде 149 адамды қабылдай алады», – деді мердігер Максим Натальченко.

Басты мақсат – балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға жағдай жасау. Осы ретте Бақытжан Сағынтаев дене шынықтыру және спорт инфрақұрылымын құру бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Назкен Еркін, Айдана Нұраш, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы