Алматылықтар жайлы және абаттандырылған аудандарда тұратын болады. Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде жаңа нысандар салу және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
С. Нұрашев ведомство тарапынан 102 жоба әзірленіп жатқанын, оның 27-сі бойынша сараптама қорытындысының алынғанын хабарлады.
«Жас Қанат шағын ауданында алты көппәтерлі тұрғын үй, Нұркент және Шұғыла шағын аудандарында инновациялық шығармашылық орталықтарын, сондай-ақ Зерделі шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіптік-техникалық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұлардан өзге,№9, 15, 80, 122, 131, 141 мектептерін, «Білім-инновациясын» сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, Ақжар шағын ауданында 320 орынды және Айнабұлақ-4, Саялы-2 шағын аудандарында әрқайсысы 160 орынды үш балабақша салынады», – деп хабарлады спикер.
Жайлы қалалық орта басқармасының жоспарында №70 бөбекжай-балабақша мен Стахановский көшесіндегі балабақшаны сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеу жұмыстары тұр.
С. Нұрашев 30 көппәтерлі тұрғын үй мен 18 денсаулық сақтау нысанынан тұратын 48 жобаны жобалаудың аяқталып қалғанын .
«Келесі жылға біз «Қалқаман-2» ТК жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз. Жобаға сәйкес осы қалақұрылысы торабында бес қабатты 20 үй салу жоспарлануда. 160 орынды балабақшаның жобасы әзірленуде», – деді С. Нұрашев.
Болашақта 2023-2024 жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаларға төрт емдеу мекемесі, үш емхана, сегіз отбасылық-дәрігерлік амбулатория кіреді. Бүгінде барлық жобалар жобалау кезеңінде. Олардың арасында Медеу ауданындағы онкологиялық орталығы бар көпсалалы аурухана, ЖИТС орталығының бөлімшесі бар хоспис, №2 қалалық Балалардың клиникалық ауруханасының корпусы, Ахрименко көшесіндегі ерте араласу орталығы, Қарағайлы, Жас Қанат шағын аудандарындағы емханалар және басқалар бар.