Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Түрксіб ауданындағы қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімі Б. Сағынтаев «Жас қанат» ықшамауданындағы сквер және Соболев көшесі бойындағы спорт алаңы аумақтарына жүргізілген абаттандыру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Іnstagram-дағы өзінің парақшасында Б. Сағынтаев есепті кездесулер кезінде тұрғындардың өздері айтқан учаскелерге айрықша назар аударылғанын атап өтті.
«Мысалы, Жас Қанат ықшамауданындағы қараусыз қалған жердің орнына саябақ, ал Соболев көшесінде спорт алаңы пайда болды. Жаңартылған «Буденый» алаңымен бірге бұл жерлер ересектер мен балалардың сүйікті мекеніне айналды. Мұнда уақытты тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған», – деп жазды Алматы әкімі.
Ауданды аралаған Б. Сағынтаев Ахметов көшесіндегі жөнделген аулаларда болды. Тұрғындарының айтуынша, олар үй маңындағы аумақтың жөнделуін 30 жыл күткен екен.
«Заманауи ойындар, воркаут және демалыс аймақтары тұрғындарды жақындастыруда. Олар бірлесіп аумақты жасылдандырды. енді өз аулаларында тәртіп орнату үшін МИБ құру мәселесін қолға алуда. Бұл – құптарлық әрекет. Тұрғындар тұрғын үй шаруашылығын ұстау мәселелерін өз бетінше шешуге құқылы және шеше де алады», – деп жазды Б. Сағынтаев.