Жаңа Алматы: Жетісу ауданында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды

29.01.2021 02:18

«Кемел» ықшам ауданындағы Еламан және Кеңсуат көшелерінің арасында 14 гектарға созылған үлкен саябақ ашылмақ

«Жаңа Алматы» жобасы аясында Жетісу ауданында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауданда күніне 200 адамды қабылдайтын отбасылық дәрігерлік амбулаторияның аумағы 2500 шаршы метрді құрамақ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен ауданда «Шетсіз қала» жобасы аясында су тарту жүйелері қайта жаңарды, аулалар көріктендірілді, көшелер жарықтандырылды. Биыл тағы қандай жұмыстар істеледі? Тақырыпты тілші жалғастырады.

«Кемел» ықшам ауданы бойынша былтыр бірқатар маңызды жоба жүзеге асты. Соның ең негізгісі - су құбырлары мен су тарту жүйелерінің қайта жаңаруы. Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердегі барлық аула абаттандырылып, 38 көшеге жарық берілді. Жалпы ауданда 2020 жылы әзірленген ірі жобалар биыл жалғасын тауып, сәтті іске асуда.

«Биыл дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын бастадық. Күніне 200 адамды қабылдауға қауһары бар отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы да жақында басталды. Одан бөлек, су құбыры мен кәріз жүйесіндегі таратушы тораптың құрылысын жүргізу бойынша жобаны бастаймыз», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Әлішер Сатыбалдиев.

Ауданда дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр дегенді естіген тұрғындар ризашылығын білдіріп жатыр. Өйткені Жетісу ауданында бұған дейін халықаралық талаптарға сай бірде-бір спорт нысаны болмаған.

«Көкжиек» ықшам ауданында спорт кешені салынса дейміз. Біздің ауданымыздан ел атын шығарар спортшылардың шығуын нәсіп етсін», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Нүркен Құлдыбаев.

«Көкжиек» шағын ауданында № 177 мектепте 600 оқушыға арналған қосымша ғимараттың құрылысы басталды. Ал «Кемел» ықшам ауданындағы Еламан және Кеңсуат көшелерінің арасында 14 гектарға созылған үлкен саябақ ашылмақ. Аудан тұрғындары мұндай өзгерістерге оң бағасын беріп жатыр.

«30 жылдан бері осы жерде тұрамын. Жыл сайын ауданымыз дамып келеді. Енді өз үйіміздің маңайында қыдырып, серуендеуге үлкен мүмкіндік жасалып жатыр. Бізге балалар ауласын, футбол алаңдарын салып берді. Сол үшін әкімдікке алғысымды білдіремін. Біздің көшелеріміз қала орталығы сияқты көрікті бола түсті», – деді  Жетісу ауданының тұрғыны Мария Жикина.

«Жаңа Алматы» жобасы бойынша бүкіл ауданды электр желілерімен қамту бойынша жоба қарастырылған. Бұл бағытта биыл қарқынды жұмыстар істеледі. Сонымен қатар былтыр «Кемел» ықшам ауданымен шекаралас аймақтарға 3 мыңнан астам ағаш отырғызылған болса, биыл 20 мың жасыл желек отырғызу көзделген. Мұның бәрі «Шетсіз қала» жобасы аясында іске асып жатыр.

Сая Меңдеке, Рахат Рахымжанов, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы