Алматының Алатау ауданында биыл 45 км жол жөнделеді

13.08.2021 00:11

Бұл туралы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков мәлімдеді

1news.zp.ua

Алматы қаласы Алатау ауданының 26 көшесі 2021 жылы жөнделеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы кезінде Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – автокөлік инфрақұрылымын дамыту. Ауданда Самғау, Өжет, Шаңырақ-5 және Алғабас шағын аудандарында жаңа жолдардың құрылысы басталды», – деді А. Қалдыбеков.

26 көшенің 45 шақырым жолын жөндеу жоспарланған. Соның ішінде, негізгі көшелердің бойында: Солтүстік айналма жол 2,1 км (Бөкейхановтан Жұмабаев көшесіне дейін), Рысқұлов даңғылы 1,8 км (Сайыннан Емцовке дейін), Рысқұлов даңғылы 2 км (Емцовтен Күдеринге дейін), Бұрындай 2 км (Шоссейная көшесінен Бұрындай көшесіне дейін), Емцов 0,3 км (Райымбек даңғылынан Рысқұлов-Емцовке дейін). Барлығы 8,4 шақырым негізгі көшелер жөнделеді.

«Орташа жөндеу 36 шақырымнан астам жерде жүргізіледі. Бұл Самғау, Томирис, Дархан, Көк-Қайнар, Өжет, Саялы, Зерделі, 13-аумақ, Алғабас, Болашақ және Боралдай шағын аудандарында орналасқан аудандық және жергілікті маңызы бар көшелер», – деді аудан әкімі.

Бүгінде 7 көшеде: Серіков, Кіші Мөңке би, Жаңаарқа, Тайқазан, Халифа Алтай, Карпацкая және СТ «Радуга» жолдарды орташа жөндеу бойынша жұмыстар аяқталды.

Алатау ауданының әкімі қазіргі уақытта ауданның жарықтандырылуы 85%-ға жеткенін, яғни 620 көше жарықтанғанын, 38 105 жарық нүктесі орнатылғанын атап өтті.

А. Қалдыбеков өткен жылы 413 көшеге 19 471 жарықдиодты шамдар орнатылғанын еске салды. Биыл 515 көшеге қосымша жарықтандырылады. Осылайша, жыл соңына дейін ауданның жарықтануы 100% болады.