«Шетсіз қала» қағидаты шеңберінде салынған 5 өндірістік мекеме қазір шағын кәсіп иелеріне қолданысқа берілген
«Алматы-2050» стратегиясы аясында Наурызбай және Түрксіб ауданында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. «Шетсіз қала» қағидаты шеңберінде салынған 5 өндірістік мекеме қазір шағын кәсіп иелеріне қолданысқа берілген. Ал, жергілікті халықты сумен қамтамасыз ету үшін салынып жатқан Қарғалы су стансасының құрылысы 2021 жылдың соңына дейін аяқталады. Бүгін екі аудан әкімшілігі БАҚ өкілдері арасында баспасөз турын ұйымдастырып, бір жылда атқарылған шаруамен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Шетсіз қала» қағидаты аясында биыл Наурызбай ауданында 1 шілдеде іске қосылған «Open Nauryzbai» қоғамдық қабылдау мекемесіне күнделікті 60-қа жуық тұрғын келеді. Орталық жергілікті халықтың бірнеше қызметті бір жерден алуына жағдай жасайды. Ал, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауданда 5 ірі өнеркәсіп орыны жұмыс істеп жатыр. Онда мекемені жалға алушыларға ақысын өтеуде 2 пайыз, ал өндіріс иелеріне 7 пайыздық жеңілдікпен кредит алуға мүмкіндік жасалыпты.
«Басында екі кезеңде ашылды бұл кәсіпорын. Бірінші кезеңде 1 мың шаршы метр берілді. Оған екі цех кіргізілді. Қазіргі таңда тағы да екінші кезеңде 3 мың шаршы метрдей мекеме салынды. Соған қазір қалған цехтер келіп отырып жатыр», – деді Наурызбай ауданы кәсіпкерлікті дамыту және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ерлан Зауырбеков.
Сондай-ақ, «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша аумағы 1200 шаршы метрден асатын скейтпарк алаңы да бой көтерген. Ал, Абай даңғылын ұзарту үшін ауданның 147 жер учаскесі алынады. Ал, Қарғалы су стансасының құрылысы келесі жылы аяқталса, Ақсай өзенінде жаңа су сүзгіш қоймасын салу жоспарланып отыр.
Қарғалы өзенінен тартылатын судың сыйымдылығы қазіргі уақытта 4 мың текше метрге жетеді. Яғни, екі есеге ұлғайған. Жергілікті халықтың базынасына айналған бұл мәселе осылай шешіліп, Наурызбай ауданының 38 мыңға жуық тұрғыны толықтай ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Ал, Түрксіб ауданындағы Жарбұлақ өзенінің арнасын нығайту жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Су тасқыны кезінде жақын маңдағы елді мекендерді су басудың алдын алу мақсатында іске асырылып жатқан жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылған. Сондай-ақ, Нұршашқан ықшам ауданы жүз пайыз жарықтандырылыпты.
«Жасқанат ықшам ауданында сквер жасадық. Одан кейін 8 аймақ болатын су алу қауіпі бар, сол жерлерді жасадық. 95 ауланы күрделі жөндеуден өткіздік, 115-ін қайта жөндеуден өткіздік. Нұршашқанда 43 көше бар, оның қазір 38-і жарықтандырылды. Ал, 5 көшеде әлі жұмыс атқарылуда. Себебі, ол жерге арнайы бағандар қою қажет», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Болат Байділдаев.
Сондай-ақ, Нұршашқан ықшам ауданында жаңа мектептер салынған. 1 қыркүйекте ашылған білім ордасы бір ауысымда 600 балаға есептеліп салынған. Қазір онда 9 кезекші сыныптың балалары білім алып жатыр.
Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы