Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданы аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысты

29.08.2020 01:50

Алматыдағы Жетісу ауданында Әл-Фараби мүсіні ашылды

almaty.tv

Алматыдағы Жетісу ауданында Әл-Фараби мүсіні ашылды. Сондай-ақ, ауданда биыл 25 шақырым жол мен тротуарлар жөнделеді. Бұл өткен жылдарға қарағанда бес есе көп. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданының аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Оның ішінде домбыра мектебі, таза ауадағы жекпе-жек орталығы мен скверлер бар. Ал, «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қандай жұмыстар атқарылды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен тарқатсын.

Жетсу ауданының бастауыш сынып оқушылары енді бос уақыттарын осында өткізеді алады. Бұл – «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы. Мұнда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балаларына зейнеткерлер шахмат, би, домбыра сынды үйірмелерге баулиды. Қала әкімі ауданға сапарын дәл осы жерден бастады. Одан кейін «Бюджетке қатысу» жобасы аясында жөнделген гүлзарларды да аралады. Мәселен, мына сквер тұрғындардың сөзінше, бұған дейін түнде қараңғы және шөп басып жатқан екен. Енді жаңа кейіпке енген бұл маңнан спортпен шұғылданып жатқан жастармен серуендеп жүрген жетісулықтарды байқауға болады. Шаһар басшысы ондағы тұрғындармен жолығып, пікірлерін тыңдады. 

         

«Бұрындары бұл жер бос жататын. Жүруге қорқатынбыз. Енді міне, сквер жаңартылып, спорттың алаңдар салынды. Күнде кешкілік келіп спортпен шұғылдануға болады. Ал, ата-аналар қараңғы уақытта мектептен қайтатын балалары үшін алаңдамайтын болды», – деді қала тұрғыны Мойт Рабанидост

Ауданда биыл осы сынды 12 гүлзар күрделі жөндеуден өткен. Оның 6-сы «Бюджетке қатысу» жобасы аясында, яғни тұрғындар демалатын орындағы орындықтар мен жолдар, балалар мен спорт алаңдары қандай болатынын өздері шешті. Жетісу ауданын жаяу аралаған қала әкімі №24 кітапханаға да бас сұқты. Шағын ғана кітапхана өткен жылы толықтай модернизациядан өткен. Ауладағы кітапхана 1987 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда 14 мыңдай кітап қоры болса, оның ішінде 6672-сі қазақ тілінде. Сондай-ақ, мұнда келушілерге тегін үйірмелер де қарастырылған.  

«Біздің оқырмандарға арналған тегін үйірмелер жұмыс жасайды. соның ішінде, «Алтын қалам» үйірмесінде суреттер салады біздің балаларымыз. Сонымен қатар, шахмат үйірмесі бар, жас математик, домбыра үйірмесі бар. Сондықтан да бізге күннен-күнге келушілер көбейіп жатыр», – деді  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Қабиева.

Иә, домбыра демекші жетісулықтар үшін биылғы жылдың тағы қуанышты хабары мұнда арнайы домбыра мектебі ашылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ашылған орталыққа бүгінде 18 жасқа дейінгі 150 бала домбыра үйренуге ниет білдіріпті.  

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Иә, әрбір қазақтың шабытының үстіне шабыт қосатын Қадыр Мырза Әлі атамыздың осы қанатты сөзі бұл мектептің төрінде жазылып тұр. Сондай-ақ, мұнда домбыра алуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға осындағы 20 домбыраны пайдалануға болады.

Мұнда барлық санитария нормалары сақталған. Кіреберісінде антисептиктер мен дене қызуын өлшегіш құрал тұрса, ішінде оқушылар әлеуметтік арақашықтықты сақтау отырып домбыраны үйренетін болады. Тіпті, мұнда шағын сахнада қарастырылған.

«Бізде осы домбыра мектебінде 6 мұғалім жұмыс жасайды. Олар жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасты. Біз бұл мектепте күй және дәстүрлі әндерді оқытатын боламыз. Қазағымыздың ұлттық өнерін насихаттайтын боламыз. Бір топта 10 бала оқиды», – деді домбыра мектебінің директоры Айдана Асанбаева.

Кейіннен Бақытжан Әбдірұлы спорт алаңдарында да болды. Оның ішінде таза ауадағы жекпе-жек орталығы да бар. Онда келушілер 8 спорт түрі бойынша шыныға алады. Шаһар басшысы «Айнабұлақ» ықшамауданындағы мүсінші Тілеуберді Бинаштың қолынан шыққан Әл-Фараби ескерткішіне де барды. Әлемге әйгілі ойшлы, философтың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.    

Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, Мейрам Исабеков, «Алмат» арнасы