Алматы қаласындағы кітапханалар оқырмандарға ыңғайлы етіп жаңаша жабдықталды. Онда кітап қоры толығып, оқырмандар ғаламторды еркін пайдалануға мүмкіндік алды. Рухани мәдениеттің алтын қазығы саналатын кітапханалардың өзгерісіне қазақ зиялылары да оң пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жазушы-этнограф Болат Бопай кітапхана жүйесінің жаңғыруы келешек ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететінін айтты.
«Кітаптарды жинап, реттеуіміз, саралауымыздың өзі – жақсы дүние. Мәдениет заттық және рухани болып екіге бөлінеді. Сол рухани мәдениеттің алтын қазығы – кітапхана. Балаларымыз кітапханаға барып, білімін толықтырса, мемлекетіміздің болашағы жарқын болар еді», – дейді Б. Бопай.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш қаладағы кітапханалардың өзгерісі таңғалдырғанын айтты.
«Кітапхана – мәдениет ошағы. Ол – адам өмірінде, оның руханиятында ерекше орын алуға тиіс қасиетті ұя. Жаңа жылдан бері бірнеше кітапханалар ашылып жатыр. Заманауи талаптарға сай кітапханалардың ашылуы қуантады. Онда кітап оқып қана қоймай, басқа да мәдени шаралардың өткізілетінін байқадым. Көптеген игілікті жұмыстардың атқарылып жатқанын көріп, өзім де таңқалып, сүйсіндім», – деді Н. Ақыш.