Құны 3 миллиард теңге болатын әлеуметтік маңызды 15 жоба іске асты
Алатау ауданында «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы аясында 2 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Нәтижесінде құны 3 миллиард теңге болатын әлеуметтік маңызды 15 жоба іске асты. Олардың дені – саябақтар мен аула құрылысы, жол мен инженерлік желілер. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ауданның қалай көркейіп жатқанын бақылады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.
Алатау ауданда атқарылып жатқан іргелі істермен бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы танысып, бірқатар нысандарды аралады. Мегаполис басшысы келесі жылы қолданысқа берілетін теннис орталығын көрді. Корттың құрылысы тамыз айында басталып кеткен. Мұнда 80-ге жуық жұмысшы еңбек етіп жатса, соның 50-ден астамы «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы аясында екі қолға бір күрек тапты.
«Жалпы объект 2 мың 500 гектар жер. 10 ашық корт түседі, 4 жабық теннис корты түседі ішінде. Метал конструкциясының бәрін келесі айда жауып бітеміз. Келесі айларда ішкі жұмыстарына кірісеміз», – деді учаске басшысы Сұлтан Бекназаров.
Бұдан кейін бірнеше нысанды аралаған қала әкімі «Шаңырақ-2» ықшам ауданында орналасқан атақты артезиан бұлағына ат басын бұрды. Су алатын орын арнайы шатырмен бүркемеленіп, қасына балалар және спорт алаңдары, демалатын орындықтар қойылған.
Мөлдір бұлақтан су алуға мұнда 350-дей адам ағылады. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін бұлақ маңы көріктендіріліп, абаттандырылған. 500 шаршы метр аумақ адам танымастай өзгеріп кеткен. ең бастысы халық дән риза.
БЛИЦ:
- Бұрын мына жердің бәрі шашылып, қоқыс жататын. Қазір жақсы, бар жағдайды жасап қойды. Ыңғайлы, машиналарға да ыңғайлы келіп оқтағанға.
- Су алатын жеріміз де көлеңке, жан-жағында балалар ойнайтын алаңқай. Бәрі жақсы.
- Бізге де жақсы. Мысалы, келіп су алуға келесің кезек күтіп тұрғанда отырып демалуға, қарауға сондай эстетикалық әдемі.
Шаһар басшысы ауданда жаңадан пайда болған саябақтарды да аралап шықты. Осындай жаңа нысанның бірі «Шапағат» ықшам ауданында бой көтерді. Жанға жайлы орынның құрылысын «Жұмыспен қамту 2020» жол картасына қатысқан жұмысшылар жүргізген. Сондай-ақ, Қарасу ықшам ауданындағы құрылысы аяқталған парк халық игілігіне берілді.
БЛИЦ:
- Ата-аналарға да жақсы. Балалар келіп ойнайды. Бұл ауданға өте керек парк. Өте күшті бәріміз қуанып жүрміз.
- Мұндай болмаған. Қайта-қайта осында келіп ойнайтын едік осы алаңда. Рахмет. Келіп күнде ойнап жатырмыз.
Ал Мөңке би көшесінің бойында заманауи спорттық аймақ қолданысқа беріледі. Тұрғындар үшін балалар алаңдары, мини-теннис, амфитеатр мен күрес орталығы салынып жатыр.
«Бізге жұмыс ұнайды. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында таптым бұл жұмысты. Құрылыстың халық үшін, ұрпақ үшін барынша жақсы әрі сапалы болуына мән береміз. Жалақы да көңілден шығады», – деді жұмысшы
Ержан Ажыбеков.
Бұдан бөлек қала басшысы ауданның жол құрылысы мен инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарымен танысты. Алдымен Ұлжан ықшам ауданындағы Тәкежанов пен Бозарал көшелерінің жаңа жолына баға берді. Мұнда тас жол мен жүргіншілер жолы төселіп, көше бойына жарық бағандары орнатылыпты. Артынша орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Өжет ықшам ауданындағы Бекболат көшесіне барды. Жалпы ауданда биыл 73 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы