Алматыға кейін қосылған шағынаудандарда 274 көшеге асфальт төселді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жыл соңына дейін тағы 415 көшеге 108 км асфальт төселмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының 274 көшесі, яғни 65 шақырым болатын ескі жолдары жөнделіп, жаңадан асфальт төселген. Бұл жұмыстар әсіресе «Жаңа Алматыда» қарқын алып, Алатау, Түрксіб, Наурызбай ауданындағы 8 елдімекенде жүзеге асқан. Бұдан бөлек, қаланың 205 көшесіне орташа жөндеу жүргізіліпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Биыл «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында қалаға кейіннен қосылған шағынаудандарға жол салу жұмысы қарқынды жүрді. Мәселен, Құрамыс шағынауданының тұрғындары «Бұрын жолымыз айқұш-ұйқыш болғандықтан, өзіміз асфальт төсеп алатынбыз» дейді. Жұрт биыл жол азабын тартпайтын болдық деп риза.

«Екі кезектен жол жөнделді. Жолдың қалыңдығы да өзінің құрылыс ережесіне қарай орнатылды. Барлығы 27 көше болған, кішкентай бұрылыстарын қосқанда, 27 көшенің бәрі асфальттанды. Қазір барлық көше асфальтталды», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Кенжебек Атамқұлов.

Ал Шаңырақ-5 ықшамауданында асфальтталған жол атымен жоқ еді. Биыл елдімекеннің көшелері көріктендіріліп, тасжол төселді.

«Қиналатынбыз, көлігімізді осыдан екі шақырымы жерге тастап кететінбіз. Балаларды көтеріп алып жүретінбіз, өзіміз боти, галошпен келетінбіз. Қазір жақсарды, Аллаға шүкір. Жолымыз өте тамаша болды», – дейді Алатау ауданының тұрғыны Мөлдір Үмбетжанова.

Жалпы, биыл қалаға кейін қосылған Өжет, Шаңырақ-5, Самғау, Нұршашқан, Құрамыс, Әлмерек, Қайрат, Алғабас сияқты 8 шағынауданда 274 көше жөнделген. Ұзындығы 65 шақырымға жуық жол салынды. Жыл соңына дейін тағы 415 көшеге 108 км асфальт төселмек. Осылайша, мегаполистегі жаңа жолдар мен жөнделген көшелердің жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асады.

«Ұзындығы 32,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргінші жолы және 80 алдамаға қайта жаңарту жұмыс жүргізілді. Думан шағынауданында күрделі жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылды. Яғни, Думан шағынауданының жол ұзындығы – 30,5 км, 59 көшеге асфальт жабынын төсеу жұмысы аяқталды», – деді қалалық мобилділік басқармасы көше-жол тораптарын дамыту бөлімінің бас маманы Көкен Жарқынбек.

Бұдан бөлек, қалада Абай даңғылын, Саин мен Әуезов көшесін ұзарту жұмысы жалғасып жатыр. Үш көлік жолайрығының біреуі, яғни Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы көпір Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай толық қолданысқа берілді. Ал Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшесінде салынып жатқан эстакаданың бір бөлігінде екіжақты көлік қозғалысы ашылған. Сондай-ақ Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінде тағы бір жолайрық салынуда.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров