Мемлекет басшысы Алматыда: Б. Сағынтаев полиорталық моделі «Жаңа Алматы» бағдарламасы туралы айтты

Мемлекет басшысы Алматыда: Б. Сағынтаев полиорталық моделі  «Жаңа Алматы» бағдарламасы туралы айтты
«Жаңа Алматы» бағдарламасы аясында көшелерді жөндеу, жарықтандыру, балабақшалар мен мектептердің, қосымша нысандардың құрылысын жүргізу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына полиорталық моделін қалыптастыруды көздейтін «Жаңа Алматы» бағдарламасы туралы баяндады. Қала әкімі бұл жоба тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы жағдай жасап, жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталғанын атап өтті. Жоба аясында 24 ықшам ауданда 140 шақырым су құбырын жүргізу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл қала тұрғындарын толықтай сапалы ауыз суымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

«Жаңа Алматы» бағдарламасы аясында көшелерді жөндеу, жарықтандыру, балабақшалар мен мектептердің, қосымша нысандардың құрылысын жүргізу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – әлеуметтік-экономикалық дамуда орталық немесе шет аудан деген айырмашылықтың болмауына қол жеткізу. Бұл ретте Наурызбай ауданында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың мәні зор. Тұрғындарды 100 пайыз сапалы ауыз суымен қамтамасыз еу үшін «Қарғалы» су қабылдау және сүзу стансасының құрылысы жүріп жатыр.

Бұл – Наурызбай ауданында салынып жатқан «Қарғалы» су электр станциясы. Құрылыс жұмыстары 12 сағат бойы тоқтаусыз жүріп жатыр. Мұнда 150 адам және 20-ға жуық теxника бірлігі жұмылдырылған.  Барлығы 2 ауысымда еңбек етеді. Жоспар бойынша осы құрылыс жұмыстарының арқасында жыл соңына дейін Наурызбай ауданы тұрғындарына ауыз суы қолжетімді болмақ.

Ал, мердігер компания өкілдерінің айтуынша, белгіленген межеге сәйкес жұмысты уақытында аяқтау үшін барлық жағдай жасалған.

«Биыл міне 50 пайызы бітіп тұр. Техника, адамдар бәрі жеткілікті. Жоспар бойынша уақытымен бітеміз деп ойлаймыз», – деді мердігер компания өкілі Қайролла Өсіпов.

Жыл басынан бері Алматыда 40 шақырымнан астам сумен жабдықтау және 12 жарым шақырым кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізілді. 75 мыңнан астам тұрғын тұратын 17 шағын ауданда коммуникациялар құрылысы жүріп жатыр. Аудан жұрты мұндай жүйелі жұмыстарына риза екендіктерін жеткізді.

«Жарық мәселесі, жол мәселесі бәрі істелініп жатыр. Енді мына су мәселесі істелініп жатыр дейді жоғары жақта. Қарғалыда үлкен су станциясы салынып жатыр екен. Жақсы болады деп жатыр. Наурызбай ауданы шетте орналасса да барлық жағдай жасалған осы жерде», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Битөре Темірбаев.

«Қаладан ешқандай айырмашылығы жоқ. Балабақша бар, мына жерде мектептер салынып жатыр. Балаларға да ойын алаңдары жасалған. Сол жерге барып ойнатамыз бір мезгіл», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны

Замира Ордабаева.

Бағдарлама аясында жолдарды жөндеу мәселесі де шет қалмаған. «Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша Алматының сегіз шағын ауданында жалпы ұзындығы 108 шақырым болатын 415 көшеге жаңа жолдар салынуда.

«Басқарманың тапсырмасы бойынша «Қарғалы» су станциясының құрылысы жүргізілуде. Ол тәулігіне 15 мың текшеметр сумен қамтамасыз етуге күші жетеді», – деді қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы Руслан Нұрлыбаев.

«Жаңа Алматы» бағдарламасы аясында Алматы қаласының 24 ықшам ауданында 140 км су құбырлары салынып жатыр. Халықты санитарлық сумен қамтамасыз ету үшін осы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Айта кетейін, «Жаңа Алматы» бағдарламасымен танысқан Президент жалпы қалада жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, шаһар басшысына тұрғындар үшін қолайлы заманауи алаңқайлар салуға көңіл бөлуді тапсырды.

Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров