Алматының Өжет пен Шаңырақ-5 ықшам ауданында бұрын асфальт болмаған көшелерге алғаш рет жаңадан жолдар төселіп жатыр. «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында шеткі аудандар одан әрі де жандана түспек. Жаңа жолдардан бөлек, биыл қала бойынша ұзындығы 196 шақырым болатын 200 көшені орташа жөндеу жоспарланған. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Міне, Өжет ықшамауданындағы Жапсарбаев пен Сеңгірбаев көшелерінің қиылысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Көшелерге барлық инженерлік желілер тартылған. Мұнда 1,5 км-ден астам жол жөнделетін болады.
Жалпы ауданда қазір 15 көшеде жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал жыл соңына дейін мұнда 87 көшеге асфальт төселмек. Бұған 50-ге жуық арнайы техника бірлігі мен 70 жұмысшы жұмылдырылған. Бүгін мегаполис басшысы Бақытжан Сағынтаев құрылыстың қарқынын, жұмыс күші мен техника санын тексерді. Сонымен қатар, қолданылатын материалдардың сапасына назар аударды. Ал мердігерлер асфальт төсеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.
«Қазір дәл осы жерде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, жолдың негізгі қабатын түзетіліп, асфальт төселуде», – деді учаске басшысы Османғали Төлегенов.
«Бұрын мына жерде асфальт жоқ, балшық болып жүре алмайтын едік. Рахмет, мынау жігіттер өте сапалы істеп жатыр», – деді қала тұрғыны Адамбек Телқожаев.
«Ыңғайсыз болатын, балалар сабаққа барғанға ыңғайсыз болатын. Арбамен аналар жүре алмайтын. Қазір ыңғайлы, міне кішкентай тратуар жасап берді», – деді қала тұрғыны Есілхан Төбектиев.
Бұдан бөлек Өжетте «Жаңа Алматы» жоспары аясында кейбір көшелерге алғаш рет жарық орнатылған.
«Көбінде мынау қыстың күні, жауын-шашындарда мектепке баратын балаларға мектептен кеш қайтады қыста күн қысқа ғой, әсіресе, 1-2-сыныптың балаларына қиындау еді. Қазір енді жарық, жақсы болды», – деді қала тұрғыны Қарқын Шаймардан.
«Көшелеріміз өте қараңғы болатын. Кешке жақын далаға шығуға қорқатынбыз. Балаларымыз үшін алаңдап отыратынбыз. Қазір барлық көшеде жағдайларымыз бар. Свет жарығын қойып берген», – деді қала тұрғыны Райхан Биекеева.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі аудан тұрғындарымен әңгіме өрбітті. Халық балалар алаңдарын салу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету керегін айтып, тілегін жеткізді.
Өз кезегінде шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев модульді полиция бекетін ашу мен бақылау камераларын орнату мәселесі қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ, ол «Бюджетке қатысу» жобасы аясында бірнеше ойын алаңы салынатынын хабарлады. Мәселен, Хасен Оралтай көшесінің бойында бос жатқан мына жер алдағы уақытта адам танымастай өзгереді.
«Мына жерге «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша балалар алаңын салып берейін деп жатыр. Соған мына жерді тазалап, бұл құр жатқан жер болатын. Мұны қазір халықтың игілігіне берейін деп жатыр», – деді Өжет ықшам ауданы өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Дәлелхан Сұлтанов.
Ал Шаңырақ-5 шағын ауданындағы ұзындығы 6,6 км болатын 29 көшеге алғаш рет жол салу жоспарлануда. Қазір соның 18 көшесінде құрылыс жүріп жатыр. Тұрғындардың өтініші бойынша ықшам аудан маңындағы қарағайлы бағына балалар алаңдарын орнату мәселесі қарастырылады.
«Аурухана баруымыз, қалаға шығуымыз қиын еді. Запасной аяқ киім алып жүретінбіз. Қазір Аллаға шүкіршілік, жасап жатыр. Енді сентябрьге дейін жолды жасап өткіземіз деді», – деді қала тұрғыны Айтолқын Айтуарова.
Қала әкімі шеткі аудандарды аралаған соң қала орталығында жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстарын тексерді. Құрманғазы көшесі бойында, яғни Мұқанов пен Наурызбай батыр көшелеріне дейінгі жол орташа жөндеуден өтеді. Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарын қорытындылай келе жол жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды және жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы